Бейбіт Исабаев ХХ Азия және V Пара Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті

Бүгін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Жапонияның Айти-Нагоя қаласында өткен ХХ Азия ойындары мен V Пара Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесіп, құттықтады, – деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына отандық спортты дамытуға қосқан лайықты үлестері үшін алғыс білдірді.

– Әрине, бұл жетістікке үлкен еңбектің, төзімділіктің, тынымсыз дайындық пен жеңіске деген сенімнің арқасында жеттіңіздер. Сіздердің бұл жетістіктеріңіз – біз үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін зор мақтаныш, – деді Б. Исабаев.

ХХ Азия ойындарында Қазақстан құрамасы сапында Жетісу облысынан 8 спорт түрі бойынша 23 спортшы қатысқан. Соның ішінде велошабандоз Евгений Федоров күміс медаль жеңіп алды.

Ол халықаралық жарыстарға қатысу үшін заманауи велосипед сатып алуға көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына, сондай-ақ жарыс барысында үйлесімді жұмыс атқарған «Астана» командасына алғысын білдірді.

V Пара Азия ойындарына облыстан спорттың 4 түрі бойынша 11 спортшы қатысты. Соның ішінде пара садақ атудан Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейткамал күміс жүлдегер атанса, пара үстел теннисінен Марат Суртубаев пен Талғат Ерекеев қола жүлдеге ие болды.

Б. Исабаев өз сөзінде Талдықорған қаласында «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен инклюзивті спорт кешені салынып жатқанын атап өтті. Нысанды келер жылдың бірінші жартысында пайдалануға беру жоспарланған. Кешенде бір мезгілде 500 адам спорттың 25 түрінен айналыса алады.

Нұршат Төлеуқасым күміс жүлдені жұптық сайыста, ал қола жүлдені жекелей сында иеленгенін айтып, келесі жылы Паралимпиада ойындарына жолдама алу үшін күресетінін жеткізді. Ал Марат Суртубаев үстел теннисінен екі қола медаль жеңіп алу ел спорты үшін тарихи жетістік екенін атап өтіп, өзі де Паралимпиада лицензиясын алуды мақсат етіп отырғанын айтты.

Кездесу соңында Бейбіт Исабаев спортшылар мен жаттықтырушыларды тағы бір мәрте құттықтап, облыста спортты қолдау және спортшылардың дайындалуына қажетті жағдай жасау жұмыстары жалғасатынын жеткаізді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі

Фотограф: Дмитрий Ерофеев