БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ДЕӉГЕЙІН ТӨМЕНДЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Маусым айының басында, Алматы облысы әкімі аппаратының ғимаратында, Алматы облысы әкімінің орынбасары Б.Байжұманов және Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Алматы облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары Ж.Жұмабаевтың қатысуымен «ZOOM» платформасы арқылы онлайн кездесу өткізілді. Кездесу білім беру мекемелерінде оқу жылының аяқталуына байланысты заңсыз ақша қаражаттарын жинау тақырыбында өтті. «ZOOM» платформасы арқылы өткізілген кездесуге аудан, қала әкімдері, мектепке дейін және орта білім беру мекемелерінің директорлары қатысты. Сондай-ақ, кездесуге облыстық ақпараттық үгіт-насихат Штабының мүшесі А.Жазықбаев қатысып, осы мәселе бойынша баяндама жасады.

Мектептердегі ақша жинау мәселесі Департаменттің ерекше назарында. Мемлекет мектептің бүкіл қажеттілігіне жеткілікті мөлшерде қаражат бөледі, оның ішінде жөндеу жұмыстары мен басқа да шаралар бар. Өкінішке орай, оқу жылы басталғанда және аяқталғанда мектептегі өткізілетін іс-шараларға ата-аналардан ақша жинау мәселесі күн тәртібінен түскен емес.

«Білім туралы» ҚР Заңының 8-бабына сәйкес Мемлекет Қазақстан Республикасы азаматтарының тегін бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алуын қамтамасыз етеді. Жалпы, қазір Агенттік, қылмысты ашу кезінде белсенді азаматтардың көмегіне де сүйенеді. «Call-орталыққа әртүрлі шағымдар, ұсыныстар мен пікірлер түседі. Операторлар сыбайлас жемқорлық фактілері, оның ішінде жасалған немесе дайындалып жатқан заң бұзушылықтар жайлы, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы хабарламаларға тәулік бойы қабылдайды.

Мәселен, тек сәуір – мамыр айларының аралығында Call-орталыққа облысымыздың мектептерінде сыныптарды жөндеу жұмыстары мен мұғалімдерге сыйлыққа алу үшін мәжбүрлі түрде ақша жинау фактілері бойынша 20 астам хабарлама түсті. Барлық шағымдар қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілді.

Облысымызда балаларды адамгершілік, адалдық, ар-ождан және парасаттылыққа тәрбиелеу мақсатында «Адал ұрпақ» және «Саналы ұрпақ» клубтары құрылған.

Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында баламалы әдістемені енгізумен және білім берудің жаңа трендтерін ескере отырып, «Жетісу — адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің білім саласындағы бағыты бойынша 2020-2021 жылға арналған жұмыс жоспары құрылып, бекітілді.

Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті.