ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫ – БІРЛІК ПЕН ЕҢБЕКТЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы – еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, болашаққа бағдар берген маңызды саяси құжат. Бұл Жолдауда мемлекетіміздің алдында тұрған өзекті мәселелер көтеріліп, ел экономикасын нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, білім мен ғылымды дамыту, жаңа технологияларды енгізу және әділетті қоғам қалыптастыру бағытындағы нақты міндеттер белгіленді.

Бүгінгі таңда әлемдік ахуал күрделі әрі құбылмалы сипат алып отыр. Геосаяси жағдайдың өзгеруі, экономикалық тұрақсыздық пен жаһандық бәсекелестіктің күшеюі әрбір мемлекеттен батыл шешімдер мен жүйелі жұмыстарды талап етеді. Осындай кезеңде Қазақстанның тұрақтылығын сақтап, ел дамуының жаңа кезеңіне нық қадам басуы – баршамыз үшін маңызды міндет.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің тәуелсіздігін нығайту, ұлттық бірлікті сақтау және мемлекеттің экономикалық әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды. Президент атап өткендей, қазіргі буынның басты міндеті – келер ұрпаққа қуатты экономикасы бар, ғылым мен білімге сүйенген, озық технологияларды меңгерген, заң үстемдігі орныққан, халықаралық аренада беделі биік Қазақстанды аманат ету.

Бұл мақсатқа жету үшін ең алдымен ел ішіндегі бірлік пен қоғамдық келісімді сақтау қажет. Себебі мемлекеттің басты байлығы – оның халқы. Әрбір азаматтың ел тағдырына бейжай қарамай, ортақ іске өз үлесін қосуы қоғамның дамуына жол ашады. Бірлік бар жерде береке, ынтымақ бар жерде табыс болады.

Жолдауда көтерілген маңызды бағыттардың бірі – экономиканы әртараптандыру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту. Экономикалық өсім тек көрсеткіштермен ғана өлшенбейді. Оның нақты нәтижесі әрбір отбасының әл-ауқатынан, жаңа жұмыс орындарының ашылуынан, ауыл-аймақтардың өркендеуінен және халыққа көрсетілетін қызмет сапасының артуынан көрінуі тиіс.

Сонымен қатар білім мен ғылымды дамыту, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау – болашаққа салынған ең маңызды инвестиция. Білімді, бәсекеге қабілетті, жаңашыл ойлайтын ұрпақ қана еліміздің ертеңгі дамуына серпін бере алады. Сондықтан ұстаздар мен ата-аналарға, білім беру саласының мамандарына жүктелер жауапкершілік зор.

Ауыл-аймақтардың дамуы да ел өркендеуінің ажырамас бөлігі. Ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, жол, ауызсу және әлеуметтік нысандар мәселесін шешу – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жұмыстар. Өйткені ауылдың жағдайы түзелсе, елдің де еңсесі көтеріледі. Әрбір елді мекеннің көркейіп, тұрғындардың туған жерінде жайлы өмір сүруі – ортақ мақсатымыз.

Президент Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру тек мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Бұл – қоғам болып атқаратын ортақ жауапкершілік. Әр азамат өз кәсібіне адал болып, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтеп, ел игілігі үшін қызмет етсе, мемлекетіміздің дамуына қосылған үлкен үлес болмақ.

Мемлекет басшысының Жолдауы – еліміздің жарқын болашағына бастайтын маңызды бағдар. Ал сол бағдарды нақты нәтижеге айналдыру баршамыздың бірлескен еңбегімізге байланысты. Тәуелсіздігімізді тұғырлы етіп, бірлігімізді бекем сақтап, келер ұрпаққа қуатты әрі өркендеген мемлекет қалдыру – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.

Ендеше, ел болашағы жолындағы ортақ мақсатқа жұмылып, туған жеріміздің дамуына үлес қосайық! Бірлігіміз бекем, еңбегіміз жемісті, еліміздің ертеңі жарқын болсын!