Діндер – адамзат тарихында ізгіліктің құралы болғаны анық. Бірақ саяси күштер сол дінді саясаттың құралы етіп алып, қатыгез саяси мақсаттарын жүзеге асыруын тоқтатпады.
Бүгінгі күні террористік ұйымдарда дін қағидаларын негізсіз бұрмалап немесе өздерінің ыңғайына қарай бейімдеп, қисынсыз пайдалану әлі де орын алып отыр.
Көптеген діни ағымдардың пайда болуына байланысты қоғамда кері саяси ұғымдардың пайда болуы, адамның сана-сезімін улайтын, әлемдік діндердің атын жамылып теріс бағыт беретін діни секталардың экстремалды түрде қаптауы халыққа зиянын тигізіп жатыр.
Діни экстремизм – саяси күштердің өз мақсаттарына жету үшін дін атынан мемлекетке қарсы жасалған немесе бағытталған күресі болып табылады. Сөйтіп, олар өз билігін орнатуға немесе айтқанын орындатуға ұмтылады.
Дінімізді бұрмалап әртүрлі жаңалықтарды енгізіп, дінімізден, тілімізден, мәдениетімізден, қазақты қазақ етіп көрсететін салт-дәстүрімізден, ұлттық құндылықтарымыздан айырып, халық арасында араздық, дұшпандық тудырып, ынтымағынан, бірлігінен айырып, ұмыттырғысы келгені, түрлі ағымдардың өте белсенді түрде жұмыс жасап жатқандығы – осының дәлелі.
Экстремизм мен терроризм өздерінің қылмыстық мақсаттарын орындау мақсатында барлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Соның ішінде ең қымбаты – адам өмірі, оның денсаулығы мен қоғамдағы күнделікті іс-қимылын жоюға дейін барады. Экстремистер адамдардың дінге деген құрметі мен сенімін өз мақсаттарына кеңінен пайдалана отырып, дін үшін әрекет етіп жүргендей көрінуге тырысады.
Бұған жол бермеу үшін тең дәрежеде діни сауаттылық, саяси мәдениет пен саяси сананы қалыптастыру, жалпы алғанда, мәдениет пен білімділік деңгейін көтеру қажет.
Бүкіл әлемдегі кез келген мемлекетке бұл «қоғамдық қасіретке» қарсы күресті жеке жүргізу қиындыққа соғады. Сондықтан қоғам болып адасқандардың арбауына арбаланбай, заңға қайшы келетін іс-әрекеттерден арылуға тырысайық.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.