Құрметті жұмыс берушілер!
2026 жылғы 1 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің №112 бұйрығымен субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру мен азаматтардың жалақысын субсидиялау қағидаларына маңызды өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жаңа редакция мен енгізілген өзгерістер еңбек нарығын цифрландыруды, жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды нақтылауды және субсидияланатын орындарды бөлу ашықтығын арттыруды көздейді.
Өзгерістердің негізгі мақсаты қандай?
Субсидияланатын жұмыс орындары – мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетін, азаматтардың уақытша жұмыспен қамтылуына және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік беретін жұмыс орындары. Бұл тетік жұмыссыз азаматтарға еңбек тәжірибесін жинақтауға, кәсіби дағдыларын дамытуға, ал жұмыс берушілерге қажетті кадрларды тартуға көмектеседі.
Жаңа тәртіптің басты мақсаты – бюджет қаражатын тиімді пайдалану, жұмыс орындарын ұйымдастырудың нақты мүмкіндіктеріне сәйкес қалыптастыру және мемлекеттік қолдаудың нәтижелігін арттыру. Осыған байланысты жұмыс берушілерге қойылатын талаптар нақтыланып, субсидияланатын жұмыс орындарының саны мен оларды ұйымдастыру шарттары қайта қаралады.
Жұмыс орындары қалай анықталады?
Жаңа қағидаларға сәйкес, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға өтінім беретін жұмыс берушілер (коммерциялық ұйымдар, дара кәсіпкерлер, шаруа қожалықтары, әлеуметтік кәсіпкерлер т.б.) бірқатар қатаң талаптарға сай болуы тиіс: Қазақстан Республикасының аумағында тіркеліп, өтінім берген күнге дейін 12 айдан астам қызметін жүзеге асырған болуы керек. Банкроттық немесе таратылу рәсімдерінің, терроризмді қаржыландыру тізімдемелерінің, сондай-ақ жалған кәсіпкерлік тізбелерінің құрамында болмауы тиіс.Өтінім берген күнге жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы керек. Соңғы 12 айда әлеуметтік төлемдерді тұрақты жүргізіп, электрондық еңбек шарттары бар жұмыскерлер саны болуы қажет.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2026 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен (2026 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізілді) «Жұмыс іздеп жүрген адамдарды тіркеу» және «Жұмыссыздарды тіркеу» мемлекеттік қызметтерін көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Жоба барысында жұмыссыздық мәртебесін алу екі күннен он үш күнге ұзартылды. Жоба жұмыссыз азаматтарды тіркеу мен есепке алу процестерін оңтайландырып, қызметтерді көрсету тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ақпаратты қайдан алуға болады?
Егер сіз жұмыс іздеп жүрсеңіз немесе жұмыс беруші ретінде мемлекеттік жұмыспен қамту шараларына қатысқыңыз келсе, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысу шарттарын, жұмыс берушілерге қойыланыт талыптар бойынша толық ақпарат алғыңыз келсе, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылы, Сатпаева көшесі 65/67 мекен-жайы бойынша орналасқан «Ескелді ауданының мансап орталығы» филиалының мамандарына жүгіне аласыз.
Жаңа ережелер әлеуметтік қолдаудың атаулылығын күшейтіп, мемлекеттік субсидиялардың шынайы жұмыс орындарын құруға бағытталуын қамтамасыз етеді.
«Ескелді ауданы мансап орталығы»
филиалының директоры Е.М.Қалқаман