Қоғамның дамуы тек мемлекеттік институттардың қызметімен өлшенбейді. Елдің тұрақтылығы мен болашағы әр азаматтың қоғамдық өмірге араласуына, өз құқықтары мен міндеттерін түсінуіне және ортақ іске жауапкершілікпен қарауына тікелей байланысты.
Жаңа Конституция азамат пен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының құқықтық негіздерін айқындай отырып, қоғамдағы азаматтық белсенділіктің маңызын арттыра түседі. Азаматтардың өз пікірін білдіруі, қоғамдық бастамаларға қатысуы және елдің дамуына үлес қосуы – демократиялық қоғамның маңызды белгілерінің бірі.
Белсенді азамат болу міндетті түрде ірі қоғамдық жобаларға қатысудан басталмайды. Өз ауласын таза ұстау, қоғамдық тәртіпті сақтау, заң талаптарын орындау, қоршаған ортаға ұқыпты қарау, мұқтаж жандарға қолдау көрсету сияқты қарапайым әрекеттердің өзі қоғамның дамуына оң әсер етеді.
Қазіргі таңда азаматтардың мемлекеттік органдармен өзара байланысу мүмкіндіктері де кеңейіп келеді. Қоғамдық мәселелерді көтеру, ұсыныс білдіру, мемлекеттік қызметтердің сапасына баға беру және әлеуметтік бастамаларға атсалысу арқылы тұрғындар өз өңірінің дамуына үлес қоса алады.
Бұл ретте жастардың қоғамдық өмірдегі белсенділігі ерекше маңызға ие. Білімді, бастамашыл және жауапкершілігі жоғары жас буын – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды қозғаушы күші. Сондықтан жастардың пікірін ескеру, олардың қабілетін дамытуға мүмкіндік жасау және қоғамдық бастамаларын қолдау – ортақ міндет.
Қоғамдық келісім де азаматтардың өзара құрметі мен жауапкершілігінен қалыптасады. Әртүрлі пікірге түсіністікпен қарау, заң аясында әрекет ету және ортақ құндылықтарды құрметтеу қоғамдағы тұрақтылықты нығайтады.
Конституцияда бекітілген құқықтар мен бостандықтар азаматтарға үлкен мүмкіндіктер берумен қатар, белгілі бір жауапкершілік жүктейді. Өз құқығын білетін азамат өзгенің құқығын да құрметтеуі қажет.
Мемлекеттің дамуы мен қоғамның әл-ауқаты әр азаматтың күнделікті ісінен басталады. Сондықтан ел болашағына үлес қосу – тек мемлекеттік органдардың емес, барша азаматтың ортақ міндеті.
Белсенді азаматтық ұстаным, заңға құрмет және қоғамдық жауапкершілік қалыптасқан жерде тұрақты әрі әділетті қоғамның негізі қаланады.