МЕКТЕП ДИРЕКТОРЛАРЫНЫҢ АТТЕСТАТТАЛУЫ ТУРАЛЫ

Бүгін аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен»Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы №202 бұйрығын таныстыру бағытында семинар ұйымдастырылды. Семинарға аудан білім мекемелерінің басшылары қатысты.
Жаңадан қабылданған бұйрық негізінде биылғы жылдан бастап мектеп басшылары аттестаттаудан өтетін болады.Аттестаттау барысында мектеп басшылары ұлттық біліктілік тестілеуден, қызметінің қорытындылары кешенді талдамалық жинақтау түрінде сараптамадан өтеді.
Ұлттық біліктілік тестілеу барысында мектеп басшылары Қазақстан Республикасының Еңбек, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы»кодекстері, Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы»,»Қазақстан Республикасындағы Баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңдары, «Басқару құзыреті»,»Заңнаманы білу» бағыттары бойынша сұрақтарға жауап береді.
Ұлттық біліктілік тестілеуден өткен мектеп басшысы қызметінің қорытындыларын кешенді талдамалық жинақтау түрінде аттестациялық комиссияға ұсынылып,төмендегі критерийлер бағаланады:
«Үшінші санатты басшы»:
• білім беру ұйымының мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес мектепішілік бақылаудың (сапаны бақылаудың) алуан түрлерін пайдаланудың нәтижелілігі;
• оқу/сабақ талдауының (оқуды/сабақты бақылау журналы (парақтары) оқуды/сабақты бақылау бағдарламасына сәйкестігі;
• педагогтердің біліктілік санаттарын, мектепішілік бақылауды (сапаны бақылауды) жүзеге асыру үшін білім алушылардың ерекшеліктерін ескере отырып деңгейлік дескрипторларды пайдаланудың нәтижелілігі;
• жетекшілік ететін бағыт бойынша аудандық деңгейде жұмыс тәжірибесін жалпылау және тарату.
«Екінші санатты басшы»:
• мектепішілік бақылау (сапаны бақылау) үшін білім беру ұйымдарының ресурстарын (цифрлық, кадрлық, материалдық-техникалық) ұтымды пайдалану;
• бақылау-өлшеу материалдарының алуан түрлерін пайдалану және олардың ақпараттылығы: оқу жетістіктерінің көрсеткіштері;
• мектепішілік бақылауды ұйымдастыруда кері байланыс пен түзету қызметінің тиімділігі: «тігінен» (әкімшілік — мұғалім) және «көлденеңінен» (басқару субъектілері арасында);
• облыстық деңгейде жетекшілік ететін бағыт бойынша жұмыс тәжірибесін жалпылау және тарату.
«Бірінші санатты басшы»:
• мектепішілік бақылау (сапаны бақылау) нәтижелерінің объективтілігі мен пәрменділігі: өлшенетін көрсеткіштердің динамикасы;
• мектепішілік бақылауды ұйымдастырудағы инновациялық тәсіл;
• талдамалық материалдардың сапасы;
• жетекшілік ететін бағыт бойынша жұмыс тәжірибесін республикалық немесе халықаралық деңгейде жалпылау және тарату;
• педагогтердің әртүрлі санаттарымен сараланған жұмыс жүйесі.
Комиссияның шешімі бойынша осы критерийлерге сай мектеп басшыларына «Үшінші санатты басшы», «Екінші санатты басшы», «Бірінші санатты басшы»санаты тағайындалып, жалақысына 30 пайыздан 100 пайызға дейінгі үстемақы қосылады.
Мектеп басшылары «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес аттестаттаудан үш жылда бір рет өткізіледі
Семинар барысында талқыланған бұйрыққа сәйкес туындаған сұрақтарға жауап берілді.