ЗҰЛМАТ ЖЫЛДАР ЖАҢҒЫРЫҒЫ

ҚАНШАМА жылдар өтсе де, қазақ халқының басынан өткен небір зұлмат, ауыр кезеңдер ұмытылмақ емес. Өйткені, сол кезең ел өмірін біршама шайқап, теңселтіп-ақ тастады. Олай дейтініміз, өткен ғасырдың 20-жылдарының аяғы мен 30-жылдардың басында халқымыз үлкен қайғы-қасіреттің бұғауында болды.
Жазықсыз жапа шеккендер
1929 жылы басталған қым-қуыт дүрбелеңге, колхоздастыру науқаны, одан кейінгі қазақ байларын тәркілеп-қудалау, оның соңы «асыра сілтеу болмасын» деген сталиндік-голощекиндік геноцидтік репрессияға ұласып, ақыры ашаршылыққа әкеліп тіреді. Қазақ деп аталатын бүкіл бір ұлттың саналы және саяси белсенді бөлігі екі ғасырға жуық мерзім, алдымен Ресей патшалық билігі, сонан соң оның мұрагері болған кеңестік жүйе тарапынан қудалауға ұшырады. Мыңдаған қазақ саяси репрессияның құрбаны болды.
1925 жылы Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшылық қызметіне келіп, билік тізгіні қолына тиген Ф.И. Голощекиннің ой-ниеті, ұстанған саясаты бірден жергілікті халықтың арман-мақсатына, тыныс-тіршілігіне қарама-қарсы бағытталған-ды. Діні, тілі басқа, жаратылысы өзге, жат пиғылда болған ол келген бетте қазақтың өмір-тіршілігін әбден білетін адамдай іске құлшына кіріскен. Бұл кеудемсоқ әрекеттен халқымыз жапа шеккені мәлім. Ф.И. Голощекин қазақтың маңдай алды оқыған азаматтарына коммунистік партияның «сара жолына қарсы», «ұлтшыл», «топшыл» дегендей айып тағып, «халық жауына» айналдырды. Олар халқымыздың біртуар дара перзенттері: Тұрар Рысқұлов, Әлихан Бөкейханов, Бейімбет Майлин, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынов, Абдулла Розыбакиев, Мағауи Масаншы, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин, Санжар Асфендияров, Мұхаметжан Тынышбаев сынды Алаш ардақтылары мен белгілі қоғам қайраткерлері еді.
АЛ, жалпы алғанда, 1930 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақстанда 102 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған және 25 мың адам ату жазасына кесілген. Нақ осы жылдары қазақстандық ғылым, мәдениет және саясат саласының зиялы қауым өкілдері атылған.
Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған Заңдардың бірі – 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы. 1997 жылғы 31 мамырдан бері елімізде саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді. Біздің ауданымызда да жыл сайын Шымыр ауылында арнайы орнатылған ескерткіш тасқа гүл шоқтары қойылып, нәубет жылдары жазықсыз жапа шеккен, аштық тауқыметін көрген асыл азаматтарымызды еске алып, құран бағыштап, рухтарына тағзым ету мақсатында арнайы митингі өткізіліп тұрады. Ал, аудан аймағында сол бір қасіретті жылдары екі жүзден астам адам жазықсыздан жапа шегумен қатар, ашаршылық құрбандары болған. Солардың біразы осы Шымыр ауылындағы зиратқа жерленген.
«АЛЖИР»
мемориалдық-мұражай кешені
Жоғарыда атап өткеніміздей, ел басына күн туған шақта халқының мұңын, жоғын жоқтап, ұлт-азаттық жолында өз басын қатерге тіккен азаматтарымыз жапа шегіп қана қоймай, олардың отбасыларының мүшелері, әсіресе, әйелдері жантүршігерлік азапты күндерді бастан өткерді. Сонымен қоса ұрпақтары да өз ататегін жасырып, өзге есімдерді қолдануға мәжбүр болды. Оны тасқа басылған тарлан тарих өзі-ақ айғақтап келеді.
ӨТКЕН жазда мен Елордада болғанымда сол зұлмат жылдары еліміздің бетке ұстар азаматтарының әйелдерін азап шырмауында ұстаған аймақта болып, соларды еске алып отыру мақсатында ашылған «АЛЖИР» деп аталатын мемориалды-мұражайға арнайы барып, рухтарына тағзым етіп, ондағы бірқатар мағлұматтарға зер салдым.
Аумағы ат шаптырымдай жерді алып жатқан мұражайдың аңғартары да, айтары да аз емес екен. Азап вагондарымен осында жеткізіліп, мардымды жағдай жасалмаған әйелдер Сарқанның қаған сары аязында қалай ғұмыр кешті екен! Мұндай зорлық-зомбылыққа талайларының шыдамағандары да айдан анық. Осындай елесті мемориалдық-мұражайдың орталық ғимаратын аралай жүріп те сезінгендей боласың. Сол сезімімізді осындағы кинозалдан көрген деректі фильм де айқындай түскендей.
Небір аяулы азаматшаларымыздың кеңестік дәуірдегі тым өктемдік саясаттың зардабын шеккендеріне кейідім. Көңілімді аяныш сезімі билеп, суреттердегі әрбір азаматшалардың бейнелеріне, олардың аты-жөндеріне үнсіз қарай бердім. Не деген қатыгездік десеңізші!
«Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының «АЛЖИР» мемориалдық-мұражай кешені 2007 жылғы 31 мамырда Ақмола облысына қарасты Целиноград ауданының орталығы – Ақмол ауылында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен ашылған екен. Мұражай кезінде «Отанын сатқандардың отбасы мүшелері» ретінде қуғын-сүргінге ұшыраған Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері орналасқан Карлагтың бұрынғы 26-нүктесінің орнына тұрғызылыпты. Мұражайдың ашылуы 1997 жылғы «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» – 31 мамырды белгілеу туралы Елбасы жарлығының қабылданғанына он жыл, жаппай қуғын-сүргіннің басталғанына – 70 жыл толуына орайластырылыпты. Мұражай кешені «Сталиндік вагоннан», «Қасірет қақпасы» монументінен, «Түңілу мен әлсіздік», «Күрес пен үміт» мүсіндік композицияларынан, Зерде қабырғасынан, Ескерткіш белгілерден және мұражай ғимаратынан тұрады екен.
Қазақстанның ХІХ-ХХ ғасырдағы саяси тарихына арналған «Алаш» залында Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған ұлт-азаттық көтеріліс, «Алаш» партиясының саяси қызметі, 1905-1916 ж.ж. қазақ зиялылары, кеңес өкіметін орнату кезеңдері, ұжымдастыру мен шаруалардың қасіретті жылдары, Қазақстандағы ашаршылық, 1937-1938 ж.ж. «Үлкен террор» тақырыптары көрсетілген.
«АЛЖИР» залы «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагерінің тарихына, кінәсіз тұтқында отырған әйелдерге арналған.
Ақмола лагері тұтқындарының ішінде Одаққа танымал әнші Лидия Русланова, актрисалар Татьяна Окуневская, Наталья Сац, ақындар мен жазушылардың жұбайлары, оның ішінде Гүлжамал Майлина, мемлекеттік қайраткерлердің жұбайлары Әзиза Рысқұлова, Дәмеш Жүргенова, Гүляндам Ходжанова, Фатима Дивеева, Елизавета Садуақасова, тағы да басқа бірқатар танымал тұлғалардың бейнелерін көруге болады. Солардың жүздерін қайта-қайта қарай жүріп, апыр-ай, осындай жазықсыз аяулы жандарға сол кездегі солақай саясаттың тым қатыгездік көрсеткені-ай, деп іштей кейістік білдірдім.
Мұражайдан алған әсерімді ой елегіне салып, баяу ғана сыртқа беттей бергенімде ортада өсіп тұрған әдемі гүлге көзім түсті. Бұл «Өмір гүлі» композициясы екен. Гүл тасты жарып шығып, заңсыздық кезеңінің мыңдаған құрбандарының басына түскен қаншама қиыншылықтарға қарамастан өмір жалғаса беретінін көрсетіп тұрғандай. Иә, өмір жалғаса береді. Сол бір кезеңнің қатыгездігі енді оралмаса екен дейсің. Бүгінгі ұрпақтың сол өмір гүлін ешқашан солдырмай, елімізді гүлдендіре береді дегендей, кәміл сезім менің де жүрегіме ұялай берді.
Дауылбай ДОСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Ескелді ауданының Құрметті азаматы.