Бала игілігі – ортақ жауапкершілік

            Ескелді ауданының «№8 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті» КММ-де «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасы аясында педагогтер мен ата-аналардың қатысуымен «Бала игілігі жолында – біргеміз!» тақырыбында тимбилдинг іс-шарасы ұйымдастырылды.

Іс-шараның басты мақсаты – отбасы мен мамандар арасындағы серіктестікті нығайту, өзара сенім мен ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеу мен дамытудағы ортақ жауапкершілікті арттыру.

Бағдарлама барысында қатысушылар түрлі командалық ойындар, психологиялық тренингтер мен тәжірибелік жаттығуларға белсене қатысып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың күнделікті өмірде кездесетін қиындықтарын сезінуге мүмкіндік алды. Әрбір тапсырма ата-ана мен педагогтің өзара түсіністігі мен бірлескен еңбегі баланың жан-жақты дамуына негіз болатынын айқын көрсетті.

Іс-шара соңында қатысушылар пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті. Олар мұндай кездесулердің отбасы мен білім беру ұйымы арасындағы байланысты нығайтып, балалардың әлеуетін ашуға бағытталған ортақ жұмыстың тиімділігін арттыратынын атап өтті.

ППТК №8 басшысы Құралай Раева:
«Балаға сапалы қолдау көрсету – тек мамандардың ғана емес, ата-ананың да ортақ міндеті. Осындай бірлескен іс-шаралар арқылы біз өзара сенімді нығайтып, әр баланың мүмкіндігін ашуға бағытталған тиімді серіктестік қалыптастырамыз. Бұл – «Адал азамат» бағдарламасының басты құндылықтарының бірі.»

Осындай тәрбиелік бастамалар «Адал азамат» бағдарламасының құндылықтарын өмірде жүзеге асырып, қоғамда жауапкершілік, адамгершілік және өзара қолдау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Бала игілігі жолындағы бірлік пен ынтымақтастық – жарқын болашақтың берік кепілі.