Жетісу облысы құрылғаннан бері өңірде 66 жаңа ветеринариялық пункт пен 1 ветеринариялық станция пайдалануға берілді. Ал биыл тағы 16 ветеринариялық пункт пен 4 ветеринариялық станцияны іске қосу жоспарланып отыр. Бұл өңірдің ветеринариялық пункттерге деген қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
– Биыл Ақсу, Алакөл, Ескелді, Көксу, Қаратал, Кербұлақ, Сарқан және Панфилов аудандарында мал ұстайтын қоршауларымен бірге 16 ветеринариялық пункт және 4 ветеринариялық станция орнатылады. Осылайша өңірдің ветеринариялық пункттерге деген қажеттілігі толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ облыс құрылғаннан бері ветеринариялық мекемелерге 83 жаңа автокөлік берілді, бұл ветеринариялық қызметтердің мобильділігі мен жұмыс тиімділігін едәуір арттырды, – деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Дархан Әбілбаев.
Сонымен қатар өңірдің ветеринариялық қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жақсарту мақсатында аталған кезеңде 100 фармацевтикалық тоңазытқыш, 102 термочемодан, сондай-ақ электр генераторлары мен басқа да қажетті жабдықтар сатып алынды. Сондай-ақ сала мамандары 217 компьютер жиынтығымен және 238 планшетпен қамтамасыз етілді, бұл олардың электрондық деректер базасына жедел ақпарат енгізу жұмысын жеделдетіп, жеңілдетті. Айта кетсек, бүгінгі таңда облыста 2,8 миллионнан астам ауыл шаруашылығы жануары сәйкестендіріліп, бірыңғай ақпараттық базаға енгізілген. Бұл қазіргі уақыттағы мал басының жалпы саны.
Материалдық-техникалық базаны және қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсартумен қатар өңірде кадрлық әлеуетті нығайту бағытында да шаралар қабылдануда. Атап айтқанда, қазіргі таңда өңірдің ветеринария саласында шамамен шамамен 1050 адам жұмыс істейді, оның ішінде 820-ы – ветеринариялық мамандар. Сонымен қатар сала мамандарының жалақысы екі есеге жуық өсті.
Нәтижесінде Балпық би ауылындағы ветеринариялық пункт өз қызметін табысты жүзеге асыруда. Айта кетсек, Көксу ауданының барлық 10 ауылдық округі заманауи ветеринариялық пункттермен қамтамасыз етілген.
– Жыл басынан бері бірінші жартыжылдыққа жоспарланған диагностика және вакцинация жұмыстары толық орындалды. Қазіргі уақытта жоспарға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарларын пастереллезге қарсы вакцинациялау жүргізілуде. Атап айтқанда, маусым айының басынан бері біздің ауылда 520 бас ірі қара малға вакцина салынды, – деді Балпық би ауылындағы ветеринариялық пункттің меңгерушісі Ерік Маймақов.
Айта кету керек, облыс бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен қатар Көксу ауданында да өндірістік ветеринариялық инфрақұрылымның жағдайы жақсаруда. Мәселен, Мұсабек ауылында жануарларды бекіту және қарауға арналған заманауи алаңның құрылысы жалғасуда. Бұл кешен вакцинациялау, сырғалау, ветеринариялық тексерулер және басқа да профилактикалық іс-шаралар кезінде ірі қара, ұсақ мал және жылқыларды қауіпсіз оқшаулауға арналған. Құрылысты келесі айда аяқтау жоспарланып отыр. Осындай алаңдар облыстың сегіз ауданының әрқайсысында екіден салынады.
Сонымен қатар биыл өңірде Алакөл, Ескелді, Көксу, Сарқан және Панфилов аудандарында 10 мал қорымы салынады. Сондай-ақ Сарқан және Панфилов аудандарындағы 2 сою алаңы қоршалады.
Өңірдің ветеринария саласында жасалып жатқан жағдайларға жергілікті тұрғындар да дән риза, өйткені ветеринариялық қызметтердің жұмысының сапасына сүт пен еттің сапасы, демек тұрғындардың денсаулығы тікелей байланысты.
Теректі ауылындағы жеке қосалқы шаруашылықтың иесі Орымжан Ассейннің айтуынша, уақтылы жүргізілетін вакцинация елеулі шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді.
– Менің шаруашылығымда 25 бас ірі қара мал бар. Ветеринариялық мамандар пастереллезге қарсы вакцинацияны уақытылы жүргізді. Біздің ветеринарлар екпе жүргізілетіні туралы алдын ала хабарлап, кестені қатаң сақтайды және өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды. Соның арқасында малдың денсаулығына алаңдамаймыз, – деді ол.
Жалпы, 2026 жылы өңірде профилактикалық іс-шаралар аса қауіпті 14 ауруға қарсы жүргізілуде. Күйдіргіге, аусылға, пастереллезге және басқа да инфекцияларға қарсы вакцинациялау жалғасуда, сондай-ақ бруцеллезге диагностикалық зерттеулер жүргізілуде. Жыл басынан бері өңірде шамамен 6,1 миллион бас ауыл шаруашылығы жануарына вакцина салынды. Ветеринариялық қызметтің кешенді жұмысы облыстағы эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығын сақтауға, өңірдің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және мал шаруашылығын одан әрі дамытуға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Жалпы, 2026–2030 жылдарға арналған Кешенді жоспарға сәйкес, Жетісу облысында 2030 жылға қарай ауыл шаруашылығы жануарларының санын 3,2 миллион басқа дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілші: Қанат Өміралинов