СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИЕТТІ ҚАЛЫПТАСТЫРУ

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық қоғамның дамуына кері әсерін тигізіп қана қоймай, азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін әлсіретеді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес, ол бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі болып саналады. Сот жүйесі заң үстемдігін қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік институттардың бірі ретінде қоғамдағы әділдік қағидаттарын нығайтуда ерекше рөл атқарады.

Азаматтардың сотқа деген сенімі ең алдымен сот төрелігінің ашықтығы мен әділдігіне байланысты. Осыған орай сот саласында сыбайлас жемқорлықтың кез келген көрінісіне жол бермеу және жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыру басты міндеттердің бірі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – бұл азаматтардың заң талаптарын құрметтеуі, адалдық пен әділдік қағидаттарын ұстануы, жемқорлыққа төзбеушілік көзқарасының қалыптасуы. Мұндай мәдениет отбасы тәрбиесінен басталып, білім беру ұйымдары мен еңбек ұжымдарында жалғасын табады. Қоғам мүшелері заң талаптарын сақтап, өз құқықтары мен міндеттерін терең түсінген жағдайда ғана сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді орта қалыптасады. Бүгінде сот жүйесінде ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында заманауи цифрлық технологиялар кеңінен енгізілуде.

Сот отырыстарының онлайн форматта өткізілуі, электрондық құжат айналымы, сот кабинеті сервистерінің қолжетімділігі азаматтар мен сот қызметкерлері арасындағы тікелей байланысты азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге ықпал етуде. Бұл өз кезегінде сот қызметінің ашықтығын арттырып, қоғамның сенімін нығайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, сот қызметкерлерінің кәсіби әдеп нормаларын қатаң сақтауы, қызметтік міндеттерін адал әрі жауапкершілікпен атқаруы маңызды мәнге ие. Әрбір қызметкер өзінің іс-әрекеті арқылы мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастыратынын терең түсінуі қажет.

Адалдық, әділдік, заңдылық және бейтараптық қағидаттары сот жүйесі қызметкерлерінің күнделікті қызметінің негізгі ұстанымдары болуы тиіс. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үздіксіз жүргізілетін процесс. Бұл бағыттағы жұмыстар тек түсіндіру шараларымен шектелмей, қоғамда адал еңбек пен әділдікті дәріптеуге негізделуі қажет. Әрбір азамат жемқорлыққа қарсы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырғанда ғана құқықтық мемлекет құру жолындағы мақсаттарға қол жеткізуге болады.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру – қоғамның тұрақты дамуы мен мемлекетіміздің өркендеуінің маңызды кепілі. Бірлескен күш-жігер арқылы ғана жемқорлықсыз қоғам қалыптастырып, келешек ұрпаққа адалдық пен әділдік құндылықтарын мұра ете аламыз.

Санат САРКЫТОВ,

Ескелді аудандық сотының аға сот приставы