БЮДЖЕТ КІРІСТЕРІ МЕН САЛЫҚТЫҚ ӘКІМШІЛЕНДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Жетісу облысы бойынша Тексеру комиссиясының ұйымдастыруымен Ескелді ауданында бюджет кірістерінің толық әрі уақытылы түсуін қамтамасыз ету, салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыру және жергілікті бюджеттің кірістер бөлігін жоспарлау мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға Жетісу облысы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесі Қуаныш Ноғайбеков, мемлекеттік аудиторлар Хамит Баилов пен Жасқайрат Шағжанов, аудан әкімдігі мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысты. Атап айтқанда, Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Бағлан Абылқасымов, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлмира Бейсекұлова, аудандық салық басқармасының басшысы Елдос Тұлымшақов және сала мамандары өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Дөңгелек үстел барысында аудандағы салық төлеушілердің ахуалы мен бюджет кірістерінің орындалу көрсеткіштері жан-жақты талқыланды. Аудит деректеріне сәйкес, 2026 жылдың басында ауданда 4 мыңнан астам салық төлеуші тіркелген. Олардың басым бөлігін заңды тұлғалар мен белсенді жұмыс істеп жатқан жеке кәсіпкерлер құрайды.

Жиында 2024–2025 жылдары жергілікті бюджеттің меншікті кірістер жоспары артығымен орындалғаны атап өтілді. Дегенмен аудит барысында бюджет түсімдерін жоспарлау сапасына қатысты бірқатар мәселелер анықталған. Әсіресе салықтық емес түсімдер бойынша жоспарлау кезінде нақты экономикалық көрсеткіштер мен факторлардың толық ескерілмеуі салдарынан кейбір болжамдардың орындалмай қалғаны сөз болды.

Сондай-ақ көлік салығы бойынша берешектің өсу себептері қарастырылды. Мамандардың айтуынша, көлік құралдарын уақытылы қайта рәсімдемеу, меншік иелерінің қайтыс болуы және өзге де объективті жағдайлар қарыз көлемінің артуына әсер еткен. Сонымен қатар өндіріп алу шараларының жеткіліксіздігі де назарға алынды.

Отырыста салықтық әкімшілендіру саласында анықталған заңбұзушылықтар талқыланып, кейбір салық төлеушілердің декларацияларды толық әрі уақытылы тапсырмау фактілері атап өтілді.

Қатысушылар бюджет кірістерін жоспарлау сапасын жақсарту, салықтық әкімшілендіруді күшейту, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру және ішкі бақылау тетіктерін нығайту бағытында нақты шараларды жүзеге асыру қажеттігін айтты.

Жиын қорытындысында аудит барысында анықталған кемшіліктерді жою бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына, салықтық тәртіптің нығаюына және өңірдің қаржылық тұрақтылығын арттыруға оң ықпал ететіні атап өтілді.