
Қазақ халқы ғасырлар бойы өз болмысын, рухани құндылықтарын және ұлттық ерекшелігін сақтап келе жатқан халықтардың бірі. Ұлттың рухани тірегі ретінде қалыптасқан дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар халықтың дүниетанымымен, мәдениетімен және діни сенімімен тығыз байланысты. Сондықтан дін мен ұлттық дәстүрдің өзара сабақтастығын түсіну – қоғамның рухани тұрақтылығын сақтауда маңызды орын алады.
Ислам діні қазақ жеріне VIII ғасырдан бастап таралып, халқымыздың дүниетанымына, мәдениетіне және тұрмыс-тіршілігіне терең әсер етті. Қазақ халқы ислам дінін қабылдай отырып, өзінің ұлттық ерекшеліктерін сақтап қалды. Соның нәтижесінде ислам құндылықтары мен қазақтың салт-дәстүрлері бір-бірімен үйлесім тауып, халықтың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Қазақтың көптеген дәстүрлері исламның негізгі қағидаттарымен үндеседі. Мысалы, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ата-ананы сыйлау, көрші ақысына көңіл бөлу, жетім-жесірге қамқорлық жасау, қонақжайлық көрсету сияқты ұлттық құндылықтар исламда да ерекше дәріптеледі. Қасиетті Құранда ата-анаға жақсылық жасау, туыстық байланысты үзбеу, мұқтаждарға көмек көрсету жөнінде көптеген аяттар келтірілген.
Сондай-ақ халқымыздың дүниеге келген сәбиге ат қою, бесікке салу, тұсаукесер жасау, сүндет той өткізу, неке қию, ас беру сияқты салт-дәстүрлерінің көпшілігі ислам құндылықтарымен сабақтасып жатыр. Бұл дәстүрлер ұрпақ тәрбиесінде, отбасы институтын нығайтуда және қоғамдағы ынтымақты сақтауда маңызды рөл атқарады.
Қазақтың ұлы ойшылдары мен ағартушылары да дін мен дәстүрдің үйлесімділігін насихаттаған. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлы адамгершілік, әділдік, білімге ұмтылу сияқты ислам құндылықтарын шығармалары арқылы дәріптеді. Ал Шәкәрім Құдайбердіұлы ар-ұждан, имандылық мәселелерін көтеріп, рухани кемелденудің маңызын көрсетті.
Өкінішке қарай, қазіргі уақытта кейбір азаматтар ұлттық дәстүрлерді дінге қарсы құбылыс ретінде қабылдайды. Мұндай көзқарастар көбінесе діни білімнің жеткіліксіздігінен немесе сырттан келген жат идеологиялардың ықпалынан туындайды. Алайда ислам ғалымдары халықтың шариғатқа қайшы келмейтін салт-дәстүрлерін сақтауға және құрметтеуге рұқсат берген. Өйткені дәстүр – ұлттың тарихи тәжірибесі мен мәдени мұрасы.
Мемлекетіміздің рухани дамуында дін мен дәстүрдің үйлесімділігі ерекше маңызға ие. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, діни сауаттылықты арттыру қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, жастарды жат ағымдардың ықпалынан қорғауға және ұлттық бірегейлікті сақтауға ықпал етеді.
Қорытындылай келе, дін мен ұлттық дәстүр – халқымыздың рухани өмірінің қос қанаты. Екеуі бір-біріне қарсы емес, керісінше өзара толықтырып, қоғамның бірлігі мен тұрақтылығына қызмет етеді. Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізді құрметтеп, исламның асыл құндылықтарын дұрыс түсіну арқылы болашақ ұрпаққа бай рухани мұра қалдыру әрбір азаматтың маңызды міндеті болып табылады.
Ескелді ауданының бас имамы
Архынов Айдос Какенұлы