Кеше ғана ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ҚР Премьер-Министрі Асқар Мәминді қабылдап, осындай қиын кезеңді басынан өткізіп жатқан халықтың жағдайын білген болатын. Ал оған дейін Елбасымыз өңір әкімдерімен телефон байланысы арқылы халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету дайындығын талқылады. Бір сөзбен айтқанда, Ұлт Көшбасшысы әрдайым туған халқының қал-жағдайын жанынан жақын ұстап, әл-ауқатын көтеруге барынша атсалысуда.
Соның бүгінгі негізгі дәлелі – «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дегеннің айқын көрінісі болып отырған бұл үндеуде Тәуелсіз Қазақстанның басынан өткізген күрделі де қиын кезеңдері және жарқын болашағы айтылады. Әлемді жайлаған аты жаман індетпен күш болып бірге күресуге, темірдей тәртіпті сақтауға шақырады.
«Әдетте жұрт көңілі алаң осындай кезді ел ішіне үрей таратып, байбалам салушылар өз мүддесіне пайдалануға тырысады. Мен халықты әртүрлі сондай азғырынды, арзан әңгімелерге еруден сақ болуға шақырамын. Шынымен көптің қамын көздейтін адам айғайшыл күшімен емес, игілікті ісімен қызмет еткені дұрыс. Ғайбат пен байбалам орнына ғылым-біліммен шұғылданған абзал», — деп, Елбасы артық сөзден аулақ болып, үй карантинінде пайдалы іспен шұғылдану керектігін айтты.
Сын сағатта халықпен тығыз қарым-қатынасты берік ұстаған Көшбасшының жаны әрдайым елінде екеніне тағы да бір мәрте көз жеткіздік.