
Бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап Ескелді ауданы аумағындағы 35 референдум учаскесі өз жұмысын бастады. Аудан бойынша дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес ұйымдастырылып, тұрғындардың еркін таңдау жасауына барлық жағдай жасалған.
Жалпы өңірде 32 мыңнан астам азамат дауыс беру құқығына ие. Таңертеңнен бастап сайлаушылар өз учаскелеріне келіп, азаматтық белсенділіктерін көрсетіп жатыр.
Бүгінгі күні барлық сайлау учаскелері қажетті жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Атап айтқанда, учаскелерде ақпараттық стендтер, әдістемелік материалдар мен түсіндірме плакаттар орналастырылған. Бұл материалдар сайлаушыларға референдум тәртібі мен дауыс беру процесі туралы толық мәлімет алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ учаскелерде бақылаушылар мен комиссия мүшелері жұмыс істеп, дауыс беру барысының ашық әрі әділ өтуін қадағалауда. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен ыңғайлылығы да басты назарда.
Аудан тұрғындары үшін референдум – ел өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси шаралардың бірі. Сондықтан да көптеген азаматтар өз таңдауларын жасап, ел болашағына бейжай қарамайтындарын көрсетуде.