Жаңа Конституцияда қарастырылған цифрландыру бастамалары ауылдық аумақтардың дамуына жаңа серпін беруді көздейді. Бұл бағыт қала мен ауыл арасындағы алшақтықты азайтып, тұрғындардың мемлекеттік әрі әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін жеңілдетуге мүмкіндік береді. Цифрлық технологияларды кеңінен енгізу арқылы халықтың тұрмыс сапасын арттыру, ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету және мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін оңтайландыру негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.
Осы мәселелерді кеңінен түсіндіру мақсатында «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» аудандық коалициясының мүшелері Қанат Нүсіпжанұлы, Азамат Ержанұлы және Серік Болатбекұлы «Иманғалиев Т.» шаруа қожалығының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиын барысында Конституция жобасының негізгі бағыттары таныстырылып, ауыл тұрғындары үшін маңызды тұстар жан-жақты талқыланды.
«Иманғалиев Т.» шаруа қожалығы – аудан аумағында ауыл шаруашылығы саласын дамытып, ауыл өміріне серпін беріп отырған үлгілі шаруашылықтардың бірі. Кездесу барысында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік және экономикалық қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын қолдау, фермерлер мен агроөнеркәсіп кәсіпорындарын дамыту, жергілікті өндірісті нығайту, табиғи ресурстарды экологиялық тепе-теңдікті сақтай отырып тиімді пайдалану бағыттары да сөз болды.
Жиын соңында еңбек ұжымы өз ой-пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай кездесулер қоғаммен ашық диалог орнатуға, ел болашағына қатысты маңызды бастамаларды кеңінен талқылауға және халықтың белсенділігін арттыруға ықпал етеді.
