«Хильниченко и К» командиттік серіктестігінде еңбек ұжымымен мазмұнды кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаты Болат Бақбергенұлы Керімбек, сондай-ақ Руслан Сәдуақасұлы Қожасбаев пен Салыкова Римма Аждарқызы қатысып, ұжым мүшелерімен ашық форматта пікір алмасты.
Кездесу барысында жаңа Конституцияның негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту, заң үстемдігін нығайту, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейту мәселелері кеңінен сөз болды. Депутат өз сөзінде конституциялық өзгерістердің елдің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретінін атап өтті.
Сонымен қатар, жиында қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, әділетті мемлекет құру және азаматтардың мемлекеттік шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Еңбек ұжымы өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Қатысушылар әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлікті дамыту, еңбек құқықтарын қорғау бағытында нақты сұрақтар көтерді.
Кездесу ашық әрі еркін диалог форматында өтіп, тараптар өзара түсіністік пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Басқосу қорытындысында мұндай кездесулердің қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайтуда ерекше рөл атқаратыны айтылып, алдағы уақытта да осындай форматтағы кездесулерді жалғастыру қажеттігі сөз болды.
