Өңірлік коалиция құрылды

Талдықорғанда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» атты өңірлік коалицияның ресми ашылуы өтті. Шара халықты Конституция төңірегіндегі қоғамдық талқылауға кеңінен қатыстыруды көздейді. Салтанатты жиынға «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын, облыстық мәслихаттың төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлнар Тойлыбаева, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт қатысты.

  Жиынды ашқан «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Арыстанғали Арын:

Бүгін Жетісу жерінде коалиция жұмысының басталуы – аймақ тұрғындарының ел тағдырына бейжай қарамайтынын көрсетті. Алдағы уақытта түсіндіру кездесулері, ашық пікірталастар мен қоғамдық талқылаулар ұйымдастырылады. Әр азаматтың дауысы маңызды, – деді.

Облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі Гүлнар Тойлыбаева өз сөзінде конституциялық өзгерістердің мәні мен маңызын түсіндіріп, өңір тұрғындарын ашық диалог алаңдарына белсенді қатысуға шақырды. Коалиция құрамына түрлі саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері еніп отыр. Бұл бастаманың басты мақсаты – қоғамның әр түрлі көзқарасын тоғыстырып, ортақ ұстаным қалыптастыру.

Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт:

Конституция – бұл жай ғана құқықтық құжат емес. Бұл – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді шарт. Сондықтан оны жетілдіру үдерісіне халықтың кеңінен қатысуы аса маңызды, – деді.

Шара соңында ұйымдастырушылар бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін алдағы кездесулер мен талқылауларға белсенді атсалысуға шақырды.

Гүлжан ТҰРСЫН