«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының ұйымдастыруымен Ескелді ауданында «Қауіпсіз қала» атты профилактикалық акция өткізілді. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру.
Акцияға Ескелді аудандық полиция бөлімі, Жастар ресурстық орталығы, менторлар, аудандық білім бөлімі, облыстық мәслихат депутаты, сондай-ақ облыстық «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы бірлесіп қатысты. Қатысушылар аудан аумағында орналасқан ойын-сауық орталықтары мен сауда нысандарына рейдтік тексеру жүргізді.
Рейд барысында кәсіпкерлермен және қызметкерлермен жасөспірімдерге тыйым салынған өнімдерді сатпау жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік талаптарының сақталу деңгейі тексерілді. Сонымен қатар, заң талаптарын сақтау, балалар мен жастардың қауіпсіз ортасын қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында қатысушылар қоғамдағы қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті. «Қауіпсіз қала» акциясы – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттырып, жас ұрпақтың қауіпсіз әрі саналы ортада өсуіне бағытталған маңызды бастама.
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай алдын алу бағытындағы акциялар жалғасын табатынын жеткізді.