ҚҰРМЕТТІ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ!

Қазір бүкіл әлем, соның ішінде біздің еліміз де коронавирустың таралуына байланысты туындаған жаһандық қауіп-қатермен бетпе-бет келіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елде төтенше жағдай енгізу туралы Жарлық шығарып, вирустың кең таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.
Өздеріңіз білесіздер, Алматы қаласында отандас-тарымыздың арасында инфекция жұқтырған оқиғалар тіркелді. Осыған байланысты мемлекет басшылығы 19 наурыз түнгі сағат 00-ден бастап Алматы қаласында карантин енгізу туралы шешім қабылдады.
Қалаға кіреберісте блокпосттар қойылып, кіру жолдар жабылады. Бірқатар кәсіпорындар мен ұйым-дардың жұмысы тоқтатылады, сауда, ойын-сауық орталықтары, базарлар мен мейрамханалар жабылады. Біз бұл мәселені Алматы қаласының әкімдігімен бірге қарастырып жатырмыз.
Сіздердің көпшіліктеріңіз Алматы қаласындағы мекеме-кәсіпорындарда жұмыс істейсіздер, қалаға қандай да бір шаруаларыңызбен, базарға, дүкенге барасыздар. Осыған байланысты түсіністікпен қарап, карантин кезінде қалаға баруды қоя тұруларыңызды сұраймын.
Қазір бірінші кезекте өз денсаулығымызға ерекше назар аударып, санитарлық дәрігерлердің барлық ұсыныстарын толық сақтауымыз керек. Біз биліктің үндеуіне құлақ аспай, қауіпсіздік шараларына жеңіл-желпі қараған бірқатар Еуропа елдері (Италия сияқты) тұрғындарының қателіктерін қайталамауымыз керек. Оның арты неге әкеліп соққанын өздеріңіз білесіздер.
Біздің облыста барлық азық-түлік дүкендері штаттық режимде жұмыс істейді. Бірінші кезектегі қажет азық-түліктер толық көлемде жеткілікті. Тауарлар мен дәрі-дәрмек жетіспеушілігі жоқ. Бағаны тұрақтандыру үшін облыстық бюджеттен қосымша қаржы бөлінді.
Құрметті жерлестер, қабылданып жатқан барлық шаралар сіз бен біздің қауіпсіздігімізді, қоғам тұрақтылығын қамтамасыз етуге ба-ғытталған. Ең бірінші кезекте өзіміздің және жақындарымыздың денсаулығына жауапкер-шілікпен қарай білейік!
Жағдайдың салмақты екенін түсініп, вирустың таралуына жол бермеуіміз керек.
Рақмет!