Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ биылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің медицинасын жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін жүйелі шаралар қабылданып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде облысымызда да кең көлемде жүзеге асуда.
Облыс емханаларына 654 мыңнан астам тұрғын тіркелген болса, соның 458 мыңнан астамы ауыл тұрғындары. Бұл көрсеткіш өңірде ауылдық медицинаның қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді. Қазіргі таңда облыс бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшарт жасасқан 59 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетуде. Олардың ішінде алғашқы медициналық-санитарлық көмекті ұсынатын 13 ұйым бар, оның он бірі мемлекеттік, екеуі жекеменшік. Талдықорған қаласының өзінде 4 емхана жұмыс істеп тұр. Оның екеуі мемлекеттік болса, «Хақ» және «Нұр-Авиценум» жекеменшік. Өткен жылы 185 дана медициналық техника сатып алынса, биыл магнитті-резонанстық томограф, компьютерлік томограф және сараптамалық сыныптағы ультра дыбыстық зерттеу аппараты сияқты 115 заманауи медициналық техника алынған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз әрбір азамат үшін, оның қай жерде тұратынына қарамастан сапалы медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз керек. Бұл әлеуметтік әділеттілік мәселесі ғана емес, сонымен қатар, ұлт денсаулығының негізі» – деген еді. Соңғы жылдары облыстың шалғай елді мекендеріне маман әкелу мәселесі де жақсы жолға қойылғаны мәлім. Қалаға келген дәрігерлерге 5 млн. теңге, ал ауылға барған дәрігерлерге 10 млн. теңге көлемінде көтермеақы берілуде. Соның нәтижесінде бүгінде елді мекендерді денсаулық сақтау мамандарымен қамту мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Таулы аймақтар мен шалғай ауылдарда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттердің салынуы халық үшін үлкен қолайлық туғызды. Аудан орталығына бармай, өз ауылынан сапалы медициналық көмек алу – ауыл тұрғындары үшін үлкен жеңілдік. Бұл Мемлекет басшысының «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғыртуға басымдық беру» тапсырмасының нақты нәтижесі. Соңғы 3 жылда, яғни облыс жеке аймақ болып құрылғаннан бері денсаулық сақтау саласында 162 жоба қолға алынды. Биылдың өзінде 75 нысанның құрылысы аяқталды. Оның 44-і «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтерген заманауи медициналық пункттер мен амбулаториялар. Мысалы, Кербұлақ ауданында 250 адам қабылдайтын емхана, Ақсу, Көксу, Алакөл, Панфилов аудандарының бірнеше елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік пункттер мен медициналық пункт, дәрігерлік амбулатория салынды. Соңғы жылдары облыс аумағында 58 блокты-модульді кешен орнатылды. Осындай нысандар биыл 4 ауданда – Қаратал ауданының Үштөбе қаласында, Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында, Көксу ауданының Балпық би ауылында, Текелі қаласында тұрғызылды. Президенттің айтуынша, еліміздің ірі қалаларында жаңа заманауи нысандар іске қосылып, күрделі ауруларды емдеуге жағдай жасалуда. Мәселен, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды. Бұл тәжірибені Жетісу өңіріне де енгізу қажеттігі айқын. Өйткені облыста онкологиялық сырқаттарға шалдыққандар саны аз емес. Қазіргі таңда Талдықорғандағы көпбейінді аурухана мен облыстық онкологиялық диспансерді жаңа талаптарға сай жабдықтау мәселесі күн тәртібінде тұр. Жаңа нысандардың құрылысы уақытылы аяқталып, халық игілігіне берілсе. Президент дәрі-дәрмек өндірісін дамытуға айрықша тоқталды. Пандемия кезінде отандық өндірістің әлсіз тұстары анық байқалды. Осы орайда облыста фармацевтикалық өндірісті дамытуға мүмкіндік бар. Өңірдегі шағын кәсіпорындар мен ғылымизерттеу базаларын пайдалана отырып, дәрі-дәрмектің кейбір түрлерін өзімізде шығару – заман талабы. Бұл экономикалық тұрғыда да тиімді, ал ең бастысы – халықтың дәрі-дәрмекке қолжетімділігін арттырады.
Қорыта айтқанда, облыста соңғы жылдары денсаулық сақтау саласында нақты қадамдар жасалды. Жаңа нысандар салу, медициналық ұйымдар санының көбейгендігі, ауылдық пункттердің ашылғандығы сөзімізге дәлел. Дегенмен Президент Жолдауында айтылған міндеттерді толық әрі жүйелі орындау арқылы бұл жұмыстарды жаңа деңгейге көтеру қажет. Халық үшін ең бастысы – қолжетімді әрі сапалы медициналық қызмет. Ол үшін заманауи нысандармен бірге білікті мамандардың еңбегі аса қажет. Сондықтан инфрақұрылымен қатар дәрігерлердің әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу, жас мамандарды шақыру ісін күшейту – басты назарда болуы тиіс. Жетісудың ақ халатты абзал жандары Президент Жолдауында көрсетілген бастамаларды қолдай отырып, оларды жүзеге асыруға белсене атсалысатыны сөзсіз. Өйткені халықтың денсаулығы – елдің ең үлкен байлығы.
Гүлжан ТҰРСЫН,
«Jetіsý»