Қазіргі Қазақстан – көпұлтты және көпконфессиялы мемлекет. Мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – қоғамда бейбітшілік пен келісімді сақтау. Елдегі этникалық, діни және әлеуметтік әртүрлілік – біздің байлығымыз.
Қазақстан Республикасының заңнамасы құқықбұзушылықтарға қатаң тосқауыл қояды. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру – ауыр қылмыс ретінде танылады.
Алауыздық – бұл адамдардың арасындағы өшпенділік, сенімсіздік пен араздық туғызатын әрекеттер жиынтығы.
Мұндай әрекеттер тек жеке тұлғалар деңгейінде ғана емес, БАҚ, интернет, әлеуметтік желілер арқылы кең тарауы мүмкін.
Заң не дейді?
ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабына сәйкес, қоғамда алауыздық тудыруға бағытталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Мемлекет алауыздықтың алдын алу үшін келесідей бағытта жұмыс атқарады:
• Толеранттылықты насихаттау;
• Білім беру саласында құқықтық және этносаралық мәдениетті дамыту;
• Қоғамдық келісім мен бірлік идеясын ілгерілету;
• Интернеттегі заңсыз контенттерге тосқауыл қою.
Қоғамдық ұйымдар мен әр азаматтың да жауапкершілігі зор. Әркім өз ортасында келісім мен өзара құрметті қалыптастыруға атсалысуы қажет.
Қазақстан – барша азаматтарының ортақ үйі. Бұл үйдің іргесін алауыздық емес, бірлік пен татулық қалауы тиіс. Әрбір азамат – тұрақтылық пен келісімнің тірегі. Өзгелердің ұлтына, дініне, әлеуметтік тегіне құрметпен қарау – тек адамгершілік парыз емес, бұл – еліміздің заңмен қорғалған талаптарының бірі.
Д.Карипова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы