ӨҢІР БАСШЫСЫ НЫСАНДАРДЫ АРАЛАУДА

Өткен бейсенбіде өңір басшысы Рауан Рақымбеков қызмет бабымен ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын аралады.
Аймақ басшысы ең алдымен М.Байысов атындағы орта мектебінің күрделі жөндеу жұмыстарымен, сондай-ақ берілген тапсырмалардың орындалу ретімен танысты. Тексеріс нәтижесінде аймақ басшысы мердігерлердің кемшіліктеріне кеңінен тоқталып, жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударуды тапсырды.
Жөндеу жұмыстары аясында білім ошағында жылу жүйесі, шатыр, сумен жабдықтау, канализация, сантехникалық жабдықтар, едендер, терезе мен есік блоктары ауыстырылуда. Сонымен қатар, жаңа нысанның қабырғалары көтеріліп, ғимараттың сыртын қаптау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Рауан Тұрданғазыұлы келесі кезекте аудандық ауруханада болып, жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Аралау барысында құрылысшыларға анықталған ескертулерге ерекше қарап, кемшіліктерді жоюды тапсырды. Басты назарды орындалатын жұмыстардың сапасына аударды.
Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Қарабұлақ ауылында салынып жатқан денешынық-тыру-сауықтыру кешенінің құрылысы да назардан тыс қалмады. Өңір басшысы денешынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысшыларымен кездесіп, мердігерлерге жөндеу және құрылыс жұмыстарын жоғары сапада орындауды тапсырып, нәтижесіне жекелей жауапты екендерін ескертті. Айта кету керек, бұл бұқаралық спортты дамытуға арналған кешеннің құрылысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша салынуда. 180 орындық жаңа кешен спорт сүйер қауымының үлкен ғимаратта шынығып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне ықпал етері сөзсіз.
Сонымен қатар, келесі кезекте 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысының жұмыс барысымен танысып өтті. Мердігер ұйымның басшысы орындалған жұмыстардың көлемі туралы есеп беріп, құрылысты аяқтайтын мерзім жайлы айтып өтті.
Аудан басшысы барған келесі нысан – Сырымбет ауылдық округінде орналасқан «Литомикс» ЖШС құрғақ құрылыс заттарын шығаратын цех. Қазіргі уақытта цехта құрылыс-монтаж заттарын өндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бұдан соң өңір басшысы келесі нысанға ат басын бұрды. Сырымбет ауылдық округінде орналасқан «Тектау» бал құю және сұрыптау цехын аралап шықты. Бал құюға арналған цехтің аумағы үлкен, жұмыс бастамасы ауқымды. Нысан басшысы бұл цех аудан жұртшылығын табиғи өніммен қамтамасыз ететінін алға тартты.
Алдағы уақытта аудан әкімі Рауан Тұрданға-зыұлы жөндеуден өтіп жатқан және жаңадан салынып жатқан нысандардың құрылыс барысын қадағалап, мердігерлердің жұмысын бақылауда ұстайды.
Ақбота ОРАЛБЕКОВА.