Кешегі желтоқсанның ызғарын көріп, бүгінгі халықтың қамын ойлаған депутат мерейлі 60 жасқа толып отыр.
1986 жылғы желтоқсанның 17-18 жұлдызы қазақ тарихында мәңгі ұмытылмас күндер болып қала бермек. Ел мен ұлттың тәуелсіздік құқығын қорғау үшін бас көтерген желтоқсандық жігіттер мен қыздардың бұл қадамы шын мәніндегі баға жетпес ерлік . Желтоқсан көтерілісі — 1986 жылы желтоқсанда Алматыда болған қазақ жастарының КСРО үкіметінің отаршылдық, әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы шыққан ұлт- азаттық көтерілісі ретінде тарихта қалды. Бостандыққа, тәуелсіздікке ұмтылған қазақ халқы тарихындағы елеулі оқиға. Қазақ жастарының сол жолғы бас көтеруі – Кеңес Одағының ыдырауына және Қазақстанның тәуелсіздік жолында жасаған маңызды қадамдарының бірі болды. Бүгінгі мақалама арқау болып отырған кейіпкеріміз жастығының жасына қарамай, елі үшін, жері үшін, біздердің болашағымыз үшін батыл қадамға барған, қайсар қыз, әдемі жар, аяулы ана, ардақты әже- Үміт Бақтыбекқызы Тортаева.
-Үміт Бақтыбекқызы, сіз желтоқсанның ардагерісіз, мәслихат депутатысыз, ұстазсыз! Сіз арқалаған ұстаз маманы ұғымына тоқталсаңыз?
—Ұстаз-қашанда ұстаз. Мәні мен мағынасы терең, баға жетпес құндылық. Ұстаздық ұғымды бір сөзбен айту мүмкін емес. Жазсақ жазарымыз таусылмай, айтсақ әңгімеміз аяқталмай қалады — ау. Мамандығым – мақтанышым. Маған осындай мамандықты оқытқан ата-анама разымын. Ұстаздық еңбегім мен халыққа қызмет ету жолындағы ерен еңбегім мен үшін ұлы қызмет.
– Бүгінгі ұстаздардың ерен-еңбегіне тоқталсаңыз…
– «Ұстаз болу – жүректің батырлығы» деп Ғафу Қайырбеков ағамыз жырлағандай, кәсіби байқауларға қатысып, заманауи біліммен қаруланған, өзінің бәсекеге қабілетті екендігін дәлелдеп жүрген ұстаздардың еңбегі – нағыз ерлік. Олар ештеңеден қорқпайды.
– Тәжірибеде қандай әдістерді жиі қолданасыз?
– Қазіргі кезеңде білім берудің сапасын жақсарту, әдістемелік негізін өзгерту – заман талабына сәйкес туындап отырған қажеттілік. Мектептің оқу үрдісін жетілдіру үшін инновациялық білім беру технологияларын пайдаланудың тиімділігін өмірдің өзі дәлелдеп отыр.
Сондықтан мен өзімнің ұстаздық міндетімде инновациялық білім беру технологиясын қолданумен келемін. Бүгінгі білім бәсекелесі заманында шәкірттеріміздің биіктен көрінуіне күнделікті ісіміздегі жаңашылдығымыз арқылы, жан-жақты берген тәрбиеміз арқылы қол жеткіземіз. Мұғалім заман ағымына сай өз білімін жетілдіру арқылы мектепке жаңалық әкелуі қажет.
Халық биліктің қайнар көзі. Яғни, жергілікті өзін-өзі басқару арқылы тұрғындар өздері дауыс беріп, қалаған адамын сайлайды. Депутатты халық таңдайды. Ол халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та соңғы Жолдауында халықтың жергілікті билікке сенімін нығайту үшін мәслихаттың ықпалын күшейтуді тапсырды.
Депутат – бұқара мен биліктің арасындағы алтын көпір. Қай жерде не мәселе бар, оның шешілу жолдарына ұсыныс беруші. Олар мемлекеттік бағдарламаларды насихаттайды, аудандық комиссияның құрамында жұмыс жасайды. Ұзын сөздің қысқасы, депутат атқарушы органмен елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын шешуге бірлесе атсалысатын тұлға.
Үміт Бақтыбековна 1964жылы Жамбыл облысы, Қордай ауданы Кенен ауылында дүниеге келді. Мектепті 1982жылы үздік бітіріп, сол жылы жолдамамен Алматы педагогикалық шет тілдер институтына түскен. 1987жылы институтты аяқтап, еңбек жолын Кербулақ ауданындағы «»Бостан»» атындағы орта мектепте 1987жылдан 1993жылға дейін ұстаздық еткен. 1993 жылы отбасылық жағдайда байланысты Ескелді ауданы Бактыбай ауылына қоныс аударған. Казіргі танда Сейфуллин атындағы орта мектепте шет тілі пәнінің мұғалімі. Бақтыбай ауылының келіні. 4 баланың анасы,10 немеренің ардақты әжесі! Республикалық ,,Желтоқсан ақиқаты «»қоғамдық бірлестігінің мүшесі. Жетісу облысы бойынша Республикалық «»Желтоксан ақиқаты «»қоғамдық бірлестік филиалының төрағасы болып тіркелді.
– Мәслихаттардың рөлі артып, жұмысы жанданғаннан қарапайым халыққа қандай пайда бар?
— Еуропа елдеріне, қалаларына, ауылдық елді мекендеріне барғандар біледі, олардың әл-ауқаты, ондағы барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының тиімді жұмысына таң қалмау мүмкін емес. Өткен ғасырдың 60-жылдарынан бастап осы еуропалық қалалар мен ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын салу және пайдалануға беру, абаттандыру бойынша барлық жұмыс жергілікті өзін-өзі басқарудың өкілді органдарының жетекшілігімен және олардың білгір депутаттарының белсенді қатысуымен жергілікті жерлерде жүргізіліп келеді.
Ендеше, бүгінгі таңда барлық мәслихат депутаты жаңғырған ел құру үшін өз алдында қандай жауапты және күрделі міндеттер тұрғанын барынша түсінуі керек. Біздің ұйым да осы бағытта аянбай еңбектенуде.
Жаңа Қазақстанды құру міндеттерін ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесіне сүйеніп, біздің елімізге қазіргі мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару жүйелерін білім негізіне көшіру, ал мәслихат депутаттарының қайраткерлік рухына көшуі кезек күттірмейді. Тоқетерін айтсам, депутат деген – бұл ең алдымен саптағы идеялы жауынгер. Ел қамы майданында беріспей шайқасатын айбарлы сарбаз, жауапкершіліктің ауыр жүгін арқалаған палуан. Меніңше, осыны түсінбей тұрып, құр статус пен мәртебеге ұмтылу ешкімге, ешқашан да абырой әпермек емес. Қалай дегенде де депутаттардың жеке басы табысқа жету идеалын елге пайда тигізіп, қызмет ету идеалымен алмастыратын уақыт келді.
– Үміт Бақтыбекқызы, депуттық салаңызға қатысты ұсынысыңыз қандай?
– Халық сайлаған әрбір мәслихат депутаты төрағасынан бастап үздіксіз өзін-өзі тәрбиелеу мен оқыту жүйесіне ауысуы, басқарушылық кеңес беру, тәлімгерлік, шетелдік тәжірибені зерделеу, жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару мәселелері бойынша жеке кітапханалар құру, үнемі жаңа білімді іздестіру, өзіндік сыни және стратегиялық ойлауын, дүниетанымын, санасын және басқарушылық құзыреттілігін қалыптастыруы тиіс. Мәслихатшыларды үздіксіз оқыту және депутаттар қызметінің өзге де түрлерін сапалы іске асыру мәслихаттар тарапынан бірқатар ұйымдастырушылық шарттарды қамтамасыз етуді қажет етеді. Мысалы, халықаралық стандартта «Депутат қызметін қамтамасыз ету» ұғымы екі бөліктен тұрады: біріншісінде депутат қызметінің түрі мен сипаттамасы айтылады, ал екінші бөлігінде белгілі бір қызмет түрін тиімді жүзеге асыруға қажетті шарттар, құралдар мен қаражатты қамтиды.
Жалпы, іс жүзінде әлі күнге дейін мәслихат депутатының тиімді қызметін қамтамасыз етудің төрт нысаны ажыратылады.
Алғашқысы – депутаттың қызметін құқықтық қамтамасыз ету. Оның жалпы мазмұны парламенттің, үкіметтің, уәкілетті министрліктердің, мәслихаттардың мәслихатшылар қызметін ұйымдастыру тәртібі мен қызметін реттейтін қажетті құқықтық актілерді уақытылы қабылдауы, тиісті заңнамадағы олқылықтар мен қайшылықтарды жою мақсатында заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды шұғыл енгізіп отыру.
Екіншісі – депутаттың қызметін ұйымдастырушылық жағынан қамтамасыз ету. Мәлім болғандай, мәслихат пен мәслихатшының жұмысы ұйымдастыру жоспарлары бойынша бір жылға немесе алты айға бағдарланып жүзеге асырылады. Оның да мазмұны сол, мәслихат аппаратының және әрбір депутаттың ұйымдастыру жоспарларындағы іс-шараларын іске асыру үшін барлық жағдайлар мен құралдарды алдын-ала дайындауы.
Үшіншісі – депутат қызметінің кәсібилігін қамтамасыз ету. Бұл мәслихат аппаратының депутатты кәсібилендіру шараларын уақытылы және сапалы жүзеге асыру үшін барлық жағдайлар мен құралдарды қамтамасыз етушілік.
Төртінші – депутаттың қызметін қаржылық қамтамасыз ету. Бұл депутат қызметінің қысқаша сипаттамасы көрсетілген тізбесі, сондай-ақ бұл мәслихаттың жұмысы мен өкілеттіктерін жүзеге асыру үшін тиісті қызметінің барлық түрлеріне қажетті ақшалай шығындардың есебі болып табылады.
— Сіздіңше, жаңа тұрпаттағы депутат қандай болуы керек?!
– Меніңше, Жаңа Қазақстан мәслихатының әрбір депутатының бойында әлемдік кәсіби стандартқа сәйкес жұмыс істеу үшін мынадай қасиеттер болуы тиіс:
Біріншіден, коммуникативті қабілеттерге ие болуы керек. Яғни халықтың әртүрлі аудиторияларына, БАҚ-та белгілі бір тақырыпта өз ойын еркін жеткізе білу, мазмұнды да мәнді сұхбаттар мен баспасөз конференцияларын беру, мемлекеттік тілге жетіктік, барлық сайлаушылармен, ҮЕҰ өкілдерімен, мемлекеттік органдармен, бизнеспен, құқық қорғау органдарымен сенімді қарым-қатынас орнату.
Екіншіден, ұйымдастырушылық қабілеттерге ие болуы керек. Яғни сайлаушылардың өтініштерімен сын-ұсыныстарына жедел және уақытылы жауап беру, барлық маңызды мәселелерді жедел шешуге, сондай-ақ қажет болған жағдайда тиісті органдарға сындарлы депутаттық ұсыныстармен, өтініштер және сұраныстармен жедел жүгіну.
Үшіншіден, сындарлы қабілеттерге ие болуы керек. Яғни облыста, аудан-қалада, тұрғындар арасында және БАҚ-та жоғары интеллектуалдық, адамгершілік беделге ие болуы, қажетті құқықтық, бюджеттік және қаржылық, психологиялық, саяси білімдер мен дағдыларға ие болуы шарт.
Ал ең соңғы және аса маңызды қасиет – ол депутаттың елге, жерге деген риясыз сүйіспеншілік сезімі, махаббаты дер едім.
– Қазір мәслихат өкілдері халықтың, сайлаушылардың мүддесін тиімді қорғап жүр ме? Халықтың тың жағдайына кіріп, ойларын түсінісе алады ма?
– Мемлекет басшысының мәслихаттар алдына қойған «Жаңа Қазақстанның құрылысы» сынды жаңа міндеттемелері сайлаушылармен арадағы жұмысты қайта құру мен іс тәртібі, мәслихат өкілдерін кері шақырып алу институттарын енгізеді.
Сонымен, жаңа жағдайда мәслихаттар мен депутаттардың негізгі қызметі – өз аумағында сапалы әлеуметтік инфрақұрылымды, балабақшаларды, абаттандыруды, сауда нысандарын, жолдарды, кітапханаларды, мектептерді, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салу мен жөндеуді ұйымдастырудан көрінбек. Алдағы уақытта елімізде көптеген әлеуметтік инфрақұрылым нысандары сайлаушылардың талабы мен жергілікті мемлекеттік бағдарламалар негізінде құрылатын болады. Дегенмен бұл өзгерістердің барлығы мәслихат өкілдерінің белсенді азаматтарды тарта отырып, тұрақты мониторинг пен бақылау жасау жауапкершілігін арттырады.
– «Депутат — халық пен билік арасындағы алтын көпір» – дейді. «Халық үніне құлақ асатын үкімет» жобасы бойынша тұрғындар әлеуметтік желі арқылы да өтініштерін жеткізіп жатады. Халық пен билік арасындағы байланыс қандай?
– Депутаттар тарапынан жасалған іс-шараларды үнемі хабарлап отырамыз. Ауылдарды аралап халық ортасында боламыз, айтылған ұсыныс-өтініштерді атқарушы органға жеткіземіз. Келісіп жұмыстар жасалып жатыр. Оның үстіне әлеуметтік желі арқылы халық ашық пікірін білдіреді. Айтылған, жазылған мәселелер дер кезінде назарға алынады. Аудан әкімінің бақылауында. Кей жағдайларда берген ақпараттары шындыққа жанаспайды. Ол адамдардың түсінігіне байланысты.
– Осы уақыт ішінде депутаттық мандат сізге не берді немесе нені ұғындырды?
– Біріншіден, депутаттық мандат мен үшін атақ пен абырой емес, ол – халықтың аманаты. Екіншіден, мәслихатқа абырой жинау үшін емес, оны сақтау үшін келдім. «Адамға билік бер, сосын оның кім екенін білесің» дейді ғой. Өзімді осы жолда сынап, одан әрі шыңдағым келеді. Қаншама жыл осы саясаттың төңірегінде жүріп, партияда қызмет еттік. Дегенмен депутат болудың да өз ерекшелігі бар екен. Депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі. Сондықтан олар өздеріне артылған сенім жүгінің зор екендігін әрдайым естен шығармайды. Бүгінде біз халықтың игілігі жолында биліктің өзге буындарымен ынтымақтастықта, бүтін бір құрылым ретінде халыққа қызмет етудеміз. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс жасаудағы тәжірибемнің артуына үлес қосуда. Қазіргі уақытта халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі соншалықты артты. Сондықтан қала тұрғындарымен жиі кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін. Менің түсінігімде депутат сөздің емес істің адамы болуы керек. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы орнайтындығы белгілі. Қазір жергілікті тұрғындар көбінесе әлеуметтік желілер арқылы мәселелерін көтеріп отырады. Барынша сол мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысамыз.
Үміт Тортаева, Тәуелсіздік мерекесімен қатар, мерейлі 60-жасқа толып отыр! Жасыңызға жас қосылып, жаңа жасыңызбен жақсылыққа толы ғұмырды отбасыңызбен бірге көруді Жаратқан нәсіп етсін демекпіз! Халық алдындағы ерен еңбегіңіз мың еселеніп қайтсын демекпіз.
Сұхбатыңызға рахмет!
И.Е.Нурсултанова
Ескелді ауданы, Жетісу шұғыласы газеті.