АТҚАРЫЛҒАН ІСТЕР АУҚЫМДЫ АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР ОДАН ДА КЕЛЕЛІ

Аудандық әкімдіктің мәжіліс залында Ескелді ауданының әкімі Рауан РАҚЫМБЕКОВ өткен жылды қорытындылап, ел алдында есеп берді. Өңір басшысының есебін облыстық мәслихаттың хатшысы Сұлтан ДҮЙСЕМБИНОВ тыңдады.
«Өткен жыл ескелділіктер үшін табысты жыл болды», – деп бастады өз есебін Рауан Тұрданғазыұлы. Айтуынша, әлеуметтік-экономикалық даму тұрақты, барлық көрсеткіш жоспар бойынша орындалған. Яғни, 2018 жылмен салыстырғанда 2019 жылы жақсылық артып, кемшілік азайған. Ал биылғы мақсат – былтырғы көрсеткіштен асу.
Былтыр аудан ауылшаруашылығы бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізіп, білім, медицина, әлеуметтік салада алдыңғы қатардан көрінсе, «Ауыл — Ел бесігі», «Нұрлы жер» бағдарламалары бойынша бірқатар іс берекелі аяқталған.
Мәселен, ауылшаруашылығына қатысты мал шаруашылығы – өсімдік шаруашылығы қарқынды дамыған. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін 48 мың тонна картоп, 24,7 мың тонна көкеніс, 2,2 мың тонна бақша дақылдары, 27,2 мың тонна майбұршақ жиналыпты. Бұл көрсеткіштердің барлығы жыл басындағы жоспарды 100 пайыз орындаған. Жалпы ауыл шаруашылық дақылдары 50255 га жерге себіліп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда аумағы кеңіп, одан алынатын өнім мөлшері өскен.
Ауданға қан жүгіртіп, негізгі кәсіптің біріне айналған – қант қызылшасы. Бұл тұрғыда шаруашылықтарға барлық мүмкіндіктер жасалған. Былтыр 2900 гектардан 128 мың тонна тәтті түбір жиналған. Ал Көксу қант зауыты 6 ауданнан 232 мың тонна қант қызылшасын жинаса, оның 55 пайызы Ескелді ауданының диқандарына тиесілі.
Аудан экономикасына былтыр 11 млрд. 842 млн. теңге инвестиция тартылды. Жалпы өңірде 13 инвестициалық жоба іске асқан.
Ауданда жалпы 11410 тонна мал және құс еті өндіріліп, 32310 тонна сүт сауылып (әр сиырдан сауылған сүт орта есеппен 2618 литрден), 7 млн. дана жұмыртқа өндіріліп, 302,4 тонна жүн алынды. Жалпы өңірде мал басының барлық түрінен өсім сақталған. Ауданға «Жетісу» әлеуметтік корпорациясы бойынша жалпы соммасы 602 млн. теңгеге 33 жаңа ауылшаруашылық техникалары алынған.
Өткен жылы өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 10 млрд. 316 млн. теңгені құрады. Істеп тұрған шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 2773 бірлік болса, жұмыспен қамтылғандар саны – 5203 адам. Шағын және орта бизнес субъектілерінен бюджетке 74 млн. теңге түскен. Ал жалпы қорытынды бойынша салық түсімі – 1 млрд. 803 млн. 694 мың теңге.
2019 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жалпы 877 млн. 466 мың теңгеге 1391 отбасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды дамыту» бағдарламасы аясында жалпы үш бағыт бойынша жоспар толығымен орындалған. Ал ауданда былтыр 1378 жаңа жұмыс орны ашылған.
Жалпы ауданда білім деңгейі жақсы, соған сай мектеп, балабақша ғимараттары да күрделі жөндеуден өтіп, кей елді-мекенде ірге тасы қалануда. Мәселен, Алдабергенов ауылындағы Матай Байысов атындағы, Байысов ауылындағы Рүстембеков атындағы, Қаратал ауылындағы Қаратал орта мектептері күрделі жөндеуден өтсе, Абай ауылында 18 орынды шағын орталығы бар мектеп салынуда. Сондай-ақ Қарабұлақтағы «Березка», Байысов ауылындағы балабақша ғимараттарын жөндеу жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайын.
Денсаулық сақтау саласы бойынша ауданда жалпы 30 медициналық мекеме жұмыс істейді. Жергілікті бюджеттен аудандық аурухананың материалдық-техникалық базасы нығайған. Цифрландыру бойынша аудандық және ауылдық ауруханалар толығымен компьютермен қамтылып, барлығы интернет жүйесіне қосылған. Ал былтыр тамызда жөндеу жұмыстары басталған «Ескелді аудандық орталық ауруханасы» стационары биыл тамызда аяқталады.
Ауданда өткен жылы ішкі істер органдарында тұрғындар қауіпсіздігін сақтау бойынша 509 қылмыс тіркелген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда тек 2 пайызға азайған.
Ескелді ауданында жыл санап тұрғындар саны көбейіп, соған сай құрылыс мөлшері де аруда. Әсіресе, «Ауыл — Ел бесігі» жобасы бойынша 9 жоба іске асса, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер пайдалануға беріліп жатыр.
Әкім баяндамасын аяқтағаннан кейін жарыссөзге шыққан Талғат Сейітқалиұлы, Гүлжамал Мұқатайқызы өңір басшысының аз уақыттағы жұмысына «қанағаттанарлық» деген баға беріп, алдағы істеріне сәттілік тіледі. Жүргізушілер залдан сауал сұрағанымен, мем-лекеттік қызметкерлерден сұрақ болмады.
Жиынды қорытындылаған Сұлтан Мырзабекұлы облыстың жетістіктеріне аз-кем тоқталып, оған ауданның қосқан үлесін де айтты.
– «Ауданда біраз істер атқарылған. Әлі де нақты іс-шараларды қабылдап, шешуді қажет ететін мәселелер де бар. Ауданда бірде-бір жаңа кәсіпорын енгізілмеген. Өнеркәсіптің нақты көлем индексі төмендеген. Ал 2020 жылға жоспарланған ауылшаруашылығы дақылдарының егістік алқаптары ағымдағы жылдан 940 гектарға төмен. Облысымызда жылыжай шаруашылығы дамығанымен, Ескелді ауданында бірде-бір жылыжай жоқ. Етті экспорттау әлеуетін арттыру қажет. Алдымызда мемлекет басшысының Жолдауынан туындайтын міндеттерді ойдағыдай іске асыру, мемлекет бағдарламаларын орындау, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы сияқты маңызды міндеттер тұр. Осы міндеттерді орындау үшін ауданның әлеуеті жетеді», – деп түйді өз сөзін мәслихат хатшысы.
Аудан әкімі Рауан Тұрданғазыұлы, Сұлтан Мырзабекұлы айтқан сын-ескертпелерімен жұмыс істеп, алдағы уақытта аталған кемшіліктердің орнын толтыратынын алға тартты.