Қазіргі таңда елімізде азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру бағытында бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Солардың бірі – «Қарызсыз қоғам» жобасы. Бұл бастама тұрғындардың табысын тиімді басқару, қарызға батудың алдын алу және қаржылық тәртіп орнатуға бағытталған.
Аталған жоба аясында Ескелді ауданына қарасты Қарабұлақ ауылдық округінің азаматтарына арнайы кеңес беру жұмыстары жүргізілуде. Қарызы 90 күннен асып кеткен тұрғындар қамтылып, оларға жеке қаржыны басқару бойынша бағыт-бағдар берілуде. Мамандар тұрғындарға қарыздан шығу жолдарын, қаражатты жоспарлау тәсілдерін, сондай-ақ қажетсіз тұтынушылық несиеге жол бермеудің маңыздылығын түсіндіруде.
«Қарызсыз қоғам» жобасы кезең-кезеңімен барлық аудан мен шалғай ауыл тұрғындарын қамтуды көздейді. Бұл – қаржылық сауаттылықты арттыру арқылы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам.
Жобаның кеңеюі арқылы ел ішіндегі қаржы мәдениетін дамытуға, және ең бастысы, борыш жүктемесі аз қоғам қалыптастыруға мүмкіндік туады.