«AMANAT» партиясы цифрлық сауаттылықты арттыру жобасын әзірледі

Астана қаласы, 2025 жылғы 21 ақпан. Бүгін «AMANAT» партиясының Орталық аппаратында азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру мен киберқауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Цифрлық қоғам» ауқымды жобасының тұсаукесері өтті.
Қазақстандықтардың күнделікті өмірінде цифрлық технологиялардың кеңінен қолданылуы интернет-алаяқтық пен киберқауіптердің көбеюіне әкелуде. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркелсе, оның 80%-ы ашылмай қалып отыр. Осыған байланысты халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мәселесі бұрынғыдан да өзекті бола түсті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та балалардың цифрлық тәуелділігінің артуына алаңдаушылық білдірген болатын. «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының II республикалық форумында Президент балаларға цифрлық гигиенаның негізгі ережелерін үйретудің маңыздылығын атап өтіп, танымал әлеуметтік желілердің тек балаларды ғана емес, ересектерді де зомбиге айналдыруы мүмкін екенін ескерткен еді.
Осыған орай, «AMANAT» партиясы мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесіп, цифрлық сауаттылықты дамыту мен интернетті қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Цифрлық қоғам» жобасын әзірледі.
Мәжіліс төрағасының орынбасары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Альберт Рау Қазақстанның цифрландыру деңгейі бойынша әлемде көшбасшылар қатарында екенін атап өтті.