Жетісуда қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы 3 инфрақұрылымдық жоба іске аспақ

Бүгінгі таңда қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың жұмысы маңызды мәселе болып табылады. Жыл сайын облыста 220 мың тонна қалдық түзіледі. Қалдықтарды уақытша жинауға 182 орын және 7 полигон бар. Тұрмыстық қалдықтарды жинау мен шығаруды 24 ұйым жүзеге асырады.
Облыс аудандары мен қалаларының коммуналдық қалдықтарын басқару бойынша «ГеоДатаПлюс» ЖШС 18,5 млн. теңге сомасына бағдарлама әзірленді. Қазіргі уақытта аудандық мәслихаттар бағдарламаны бекіту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Қазіргі уақытта «Жасыл Даму» АҚ-ға қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы 3 инфрақұрылымдық жоба Көксу, Панфилов ауданы және Талдықорған қаласы бойынша жалпы кредиттеу сомасы 2,1 млрд. теңгеге өтінімдер берілді. Жобаларда дайын өнімді шығарумен қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу көзделген.
Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру қалдықтарды қайта өңдеу үлесін ұлғайтуға және стихиялық қалдықтардың санын азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Текелі қаласы, Ескелді және Көксу аудандарын қамтитын Талдықорған кешенді алаңын құру жоспарлануда. Осылайша, полигонда қалдықтардың жиналуы жылына 60 мыңнан 110 мың тоннаға дейін артатын болады және басқа аудандарда жиналған ҚТҚ-ны азайтады. Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және тұрақты бақылауда.