Халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу аясында «БЖЗҚ» АҚ-ның барлық филиалдарында 2024 жылдың 11 және 13 желтоқсан күндері «Инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) инвестициялық стратегиялары. Салымшылар үшін өзекті мәселелерді талқылау» тақырыбы бойынша Ашық есік күні өткізілді.
2021 жылдың қаңтар айынан бастап БЖЗҚ салымшылары өздерінің зейнетақы жинақтарын жеке инвестициялық компаниялар – ИПБ-лардың сенімгерлік басқаруына беру мүмкіндігіне ие болды. Бастапқыда ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын немесе сақтандыру компаниясымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқаннан кейін зейнетақы шотында қалған жинақтарды ғана беруге болатын еді. Алайда, 2023 жылғы 1 шілдеден бастап инвестициялық мүмкіндіктер кеңейді: енді БЖЗҚ салымшылары өз жинақтарының міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен 50% дейін, ал ерікті жарналарын 100% жеке компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады.
Кездесу барысында Қор мамандары мен инвестициялық компаниялардың өкілдері ИПБ таңдау кезінде салымшылардың нені білулері керектігін және зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру ережелері туралы баяндап берді.
Бұдан бөлек, БЖЗҚ мамандары тілек білдірген салымшыларға жеке ақыл-кеңестерін берді. Себебі, салымшыларды іс-шара тақырыбы ғана емес, жалпы Қазақстанның зейнетақы жүйесіне қатысты мәселелер де қызықтырады екен.
Онлайн кездесу үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылардың пікірлері бойынша пайдалы және нәтижелі болды.
Естеріңізге сала кетейік, зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша ақыл-кеңесті салымшылар БЖЗҚ филиалдарында да, enpf.kz сайты, мессенджерлер және әлеуметтік желілер арқылы онлайн режимінде де ала алады. Оған қол жеткізу тәсілдері іс-шарада айтылды.
БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).