Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керектігін, сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте алатынымызды айтты.
Дәл қазіргі уақытта техникалық мамандар тапшылығының бары рас. Оның орнын толтыру үшін кәсіби қаруланған, білікті, білімді мамандардың жас толқынын оқытып, тәрбиелеп шығару қажет.
«Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», – деген Қасым-Жомарт Тоқаев өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттыратынына маңыз берді.
Біздің ауданда осы бағытта заманауи, жаңашыл қадамдар жасап жүрген Көксу ауылшаруашылық колледжі адал адам, кәсіби маман даярлаудағы ісіне тың серпін береді деп ойлаймын.
Мемлекет басшысының бүгінгі халыққа Жолдауындағы ең бір өзекті де өміршең мәселе АЭС салу төңірегінде болды. Бұл туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев былтырғы Жолдауында да айтқан болатын. Бір жыл бойы ғалымдар, саясаткерлер, экологтар, экономистер, тағы басқа мамандар зерттеп-зерделей келе, атом электр стансасының Қазақстанға аса қажеттілігін дәлелдеді. Енді, міне, атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум бойынша Жарлыққа қол қойылып, 6 қазанда халық өз таңдауын жасамақ.
Мемлекет басшысы: «Қазір әлемде энергия тапшылығы күшейіп барады. Елімізге сенімді және экологиялық таза қуат көздері аса қажет. Сондықтан біз атом энергетикасын дамытуға баса мән беруіміз керек деп ойлаймын. Себебі экономикамыз күн өткен сайын мол энергияны қажет етуде. Мұндай сұранысты атом энергетикасы қамтамасыз ете алады. Қазір дамыған және дамушы 30 мемлекетте 200-ге жуық атом электр стансасы жұмыс істеп тұр. Біз еліміздің өзіне тән ерекшелігін және ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүдделерімізді ескере отырып, тек алға қарай жүруіміз қажет. Бір сөзбен айтсақ, болашақты ойлауымыз керек. Сондықтан мен атом электр стансасын салуға қатысты барынша байыпты шешім қабылдау қажеттігін ұдайы айтып келемін. Стратегиялық жоспарларды қоғамда кеңінен талқылау керек деп санаймын», – деді.
Дина Карипова,
Ескелді ауданының аналар кеңесінің төрайымы