4 маусым – қазақ елі үшін ерекше күн. Өйткені, бұл күн – Мемлекеттік рәміздер күні. Біздің мемлекеттік рәміздер – ту, елтаңба, әнұран. Туда көк аспан, алтын күн және ою бейнеленген. Көк аспан аспанымыздың ашық болуын білдіреді. Алтын күнді көк аспанымызда жарқырап күн болсын деген ниетпен бейнелейді. Ал елтаңбада пырақ, шаңырақ, уық бейнеленген. «Пырақ» әрдайым еліміз биікке самғап, жетістікке жетуді бейнелейді. «Шаңырақ» еліміз бір шаңырақтай берекелі әрі тату болуын бейнелейді. Ал «уық» еліміздің шаңырағын әрдайым ұстап сақтап тұрады. Ал әнұранымыз – еліміздің мақтанышы. Әнұран авторлары, әні Шәмші Қалдаяқов, сөзі Нұрсұлтан Назарбаев, Жұмекен Нәжімеденов. Біздің рәміздеріміз – мақтанышымыз!
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Туы
Ту – мемлекеттің егемендік пен біртұтастықты білдіретін басты рәміздерінің бірі. «Флаг» термині «vlag» деген нидерланд сөзінен шыққан және белгіленген көлем мен түстегі, әдетте елтаңба немесе эмблема түрінде бейнеленген, діңгекке немесе бауға бекітілген мата ұғымын білдіреді. Ту ежелден елдің халқын біріктіру және оны белгілі бір мемлекеттік құрылымға сәйкестендіру міндетін атқарып келеді.
Тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік туы ресми түрде 1992 жылы қабылданды. Оның авторы – белгілі суретші Шәкен Ниязбеков.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында тік жолақ түрінде ұлттық өрнек нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Тудың ені мен ұзындығының арақатынасы – 1:2
Геральдика дәстүрінде әрбір түс белгілі бір ұғымды танытады. Мәселен, аспандай көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік, мінсіздік сияқты қасиеттерді білдіреді. Сонымен қатар, көк түс түркі мәдениетінде терең символдық мәнге ие. Ежелгі түркілер аспанды тәңір-атаға балаған, ал олардың көк туы арғы ата-бабаларға деген адалдықты бейнеледі. Қазақстанның Мемлекеттік туында ол ашық аспанды, бейбітшілікті, игілікті білдірсе, түстің біркелкілігі еліміздің тұтастығын меңзейді.
Геральдика қағидаттарына сәйкес, күн байлық пен молшылықты, өмірді және күш-қуатты бейнелейді. Сондықтан еліміздің туындағы күн шапағы дәулеттілік пен бақуаттылықтың символы – алтын масақ пішінінде берілген. Қазақстанның мемлекеттік атрибутикасында күннің бейнеленуі еліміздің жалпыадамзаттық құндылықтарды қастерлейтінін дәлелдейді және жас мемлекеттің жасампаздық күш-қуатын, серіктестік пен ынтымақтастық үшін әлемнің барлық еліне ашық екенін айғақтайды..
Қыран (бүркіт) бейнесі – көптеген халықтардың елтаңбалары мен туларында ерте кезден бері қолданылып келе жатқан басты геральдикалық атрибуттардың бірі. Бұл бейне әдетте биліктің, қырағылық пен мәрттіктің символы ретінде қабылданады. Күн астында қалықтаған бүркіт мемлекеттің қуат-күшін, оның егемендігі мен тәуелсіздігін, биік мақсаттар мен жарқын болашаққа деген ұмтылысын танытады. Бүркіт бейнесі еуразиялық көшпенділердің дүниетанымында айрықша орын алады және олардың түсінігінде бостандық пен адалдық, өрлік пен ерлік, қуат пен ниет тазалығы тәрізді ұғымдармен ұштасып жатады. Алтын бүркіт кескіні жас егемен мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне деген ұмылысын көрсетеді.
Мемлекеттік тудың сабының тұсына тігінен ұзына бойына кескінделген ұлттық өрнектер – оның маңызды элементі. Қазақ ою-өрнектері – дүниені көркемдік тұрғыдан қабылдаудың халықтың эстетикалық талғамына сай келетін ерекше бір түрі. Түрлі формалар мен желілер үйлесімін танытатын өрнектер халықтың ішкі әлемін ашып көрсететін мәнерлі көркемдік құрал болып саналады. Тудың сабын жағалай салынған ұлттық өрнектер Қазақстан халқының мәдениеті мен дәстүрін символдық тұрғыда бейнелейді.
Тудың түсі – аспан тектес көгілдір түс. Тудағы мұндай көк түсті фон сан ғасырлық тарихы бар түркі мәдениетімен біте қайнасып жатыр: аспандай көгілдір түс — олар үшін адалдық, тұрақтылық, сенімділік мен пәктіктің белгісі болды. Ежелгі түркілер аспан түсті күмбезді қадір тұтқан, ал ондағы көгілдір ту бабаларға деген адалдықтың белгісі деп білген. Сонымен бірге көк түс үміт деген мағынаны білдіреді. Бұл түс жер жаһандағы барлық адамдар үшін бейбіт, тыныш өмір мен әл-ауқат деген мағынаны білдіреді. Қылқалам шебері Қазақстан аумағында тұратын барлық ұлттар мен ұлыстардың бірлігін бейнелеген. Сонымен бірге аспан түстес туда алтын күн мен бүркіт бейнеленген. Күн және оның сәулелері Бидай дәні ретінде бейнеленген күн сәулелері молшылық пен тоқшылықты, байлық пен өмірлік қуатты бейнелейді. Ал одан тараған дән тәріздес күн сәулелері бай-қуатты өмір мен өркендеу деген мағынаны білдіреді. Аспан денесі 32 сәулемен қоршалған. Мемлекеттік нышандағы күн Қазақстан халқына тән адамгершілікпен байланыстырылады. Мемлекет тудың көмегімен бүкіл әлемге өзінің қуатты ел екенін әрі әрдайым ынтымақтастыққа ашық екенін білдіреді. Қыран Қыран (бүркіт) — Қазақстан туының басты геральдикалық атрибуттарының бірі. Ежелден қыранды билік, ізгілік пен парасаттылықтың символы ретінде қабылдаған. Көшпенділерде бұл құс – еркіндік пен адалдықтың, абырой мен ерліктің, күш-қуат пен тазалықтың белгісі саналған. ҚР туында қалықтаған қыран мемлекеттің күшін, егемендігі мен тәуелсіздігін бейнелейді. Ұлттық идея — озық, жоғары, тұрақты және гүлденген болашаққа ұмтылу. Қазақстан туындағы алтын қыран – мемлекеттің әлемдік өркениет биігіне ұмтылысының белгісі болып саналады. Ою-өрнек Тудың сабындағы алтын түсті ою-өрнек — халықтың эстетикалық талғамына сай келетін, әлемді көркемдік қабылдау формаларының бірі. Ол – Қазақстанның мәдени байлығы мен салт-дәстүрінің символы. Осы ою-өрнекте қазақ халқының бар болмысы бейнеленген.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Елтаңбасы
Елтаңба – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Елтаңба («герб») термині немістің «erbe» (мұра) деген сөзінен шыққан. Мемлекеттің мәдени және тарихи дәстүрін бейнелейтін символдық мәні бар үйлесімді пішіндер мен заттардың мирастық ерекшелік белгісін білдіреді.
Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген қола дәуірінің көшпенділері кейін графикалық ұғымы «таңба» деп аталған ерекше символ-тотем арқылы өздерін танытқанына тарих куәлік етіп отыр. Алғаш рет бұл термин Түрік қағанаты тұсында қолданыла бастаған.
Егеменді Қазақстанның Елтаңбасы 1992 жылы ресми түрде қабылданды. Оның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы дөңгелек нысанды. Бұл – Ұлы дала көшпенділері айрықша қастер тұтқан өмір мен мәңгіліктің символы.
Мемлекеттік елтаңбаның орталық геральдикалық элементі – көгілдір түс аясындағы шаңырақ (киіз үйдің жоғарғы күмбез тәрізді бөлігі) бейнесі. Шаңырақты айнала күн сәулесі секілді тараған уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағына аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – көлемді бес бұрышты жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.
Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.
Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.
Өткен ғасырларда мүйіз көшпенділердің табынушылық ғұрыптарында, сонымен қатар, жауынгерлік тудың ұшына орнату үшін белсенді пайдаланылған. Көктің сыйын, жердің игілігін, жорықтың жеңісін әртүрлі жануарлардың мүйізі арқылы бейнелеу көптеген халықтардың символдық композицияларында елеулі орын алды. Сондықтан молшылық әкелетін мүйізі бар қанатты тұлпар семантикалық және тарихи түп-тамыры терең маңызды типологиялық образ болып саналады.
Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы тағы бір деталь – бес бұрышты жұлдыз. Бұл символды адамзат ежелгі заманнан бері пайдаланып келеді, ол адамдардың ақиқат сәулесіне, барлық игі аңсарларға және мәңгілік құндылықтарға деген ұдайы ұмтылысын білдіреді. Мемлекеттік елтаңбада жұлдыздың бейнеленуі қазақстандықтардың әлемнің барлық халықтарымен ынтымақтастық пен серіктестік орнатуға ниетті ел болуға деген талпынысын танытады. Қазақстан тұрғындарының жүрегі мен құшағы бес құрлықтың өкілдері үшін қашанда ашық.
Елтаңбада қолданылған негізгі түс – алтынның түсі. Бұл – байлықтың, әділдіктің және кеңпейілділіктің символы. Сонымен қатар, көгілдір аспан түстес тудың түсі алтынның түсімен үйлесім тауып, ашық аспан, бейбітшілік және бақуат тіршілік ұғымдарын танытып тұр.
Елтаңбадағы белгілер келесідегідей мағынаны білдіреді:
Шаңырақ аспан күмбезіне ұқсайды. Еуразиялық көшпенділер үшін бұл өмірдің маңызды элементі болып табылады. Елтаңбадағы шаңырақ — мемлекет ішіндегі бірлікті және Қазақстанда тұратын барлық ұлттар үшін ортақ үй деген мағынаны білдіреді. Сонымен бірге ел барлық сырттан келген азаматтармен достық қарым-қатынаста болатынын, олар үшін ортақ үйге айналуға әрдайым дайын екендігін білдіреді. Қанатты жылқылар (тұлпар) — батырлық, адалдық пен күш-қайратты бейнелейді. Қанаттар – Қазақстан халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы арманының символы. Елтаңба авторлары пырақтарға жан бітіріп, олардың бейнелерін мүйіздермен толықтырды. Осылайша, символ әділеттіліктің, даналық пен ар-намыстың, бай-қуатты өмір мен қуаныштың белгісіне айналды. Тұлпарлар алтын масаққа ұқсайды, сол себепті ол қазақстандықтардың еңбексүйгіштігі және олардың материалдық игілікке деген ұмтылысын бейнелейді. Бес бұрышты жұлдыз ежелден – ақиқаттың, асқақ рух пен шексіздікті бейнелейді. Елтаңбадағы жұлдыз әлемнің барлық халықтарымен жасампаздыққа, ынтымақтастыққа және серіктестікке ұмтылысты білдіреді. Елтаңбада қолданылатын негізгі түс – алтын түсті сары түс. Ол — байлық, әділдік пен жомарттықтың белгісі. 7. Елтаңбада сонымен бірге тудағы тәрізді аспан түстес көгілдір түс те бар. Ол алтын түспен әдемі үйлеседі және ашық аспанды, бейбітшілік пен бай-қуатты өмірді бейнелейді. Мемлекеттік Ту мен Елтаңба нені білдіреді? Мемлекеттік рәміздердің арқасында Қазақстан әлемнің басқа елдеріне өзінің тәуелсіздігі мен егемендігін паш ете алады. Ту мен Елтаңба қазақ халқының шежірелі тарихынан сыр шертіп, еліміздің бейбіт өмір, бақ-береке мен достық қарым-қатынасқа деген ұмтылысын айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
Гимн – мемлекеттің басты рәміздерінің бірі. Гректің «gimneo» сөзінен шыққан «гимн» термині «салтанатты ән» деген мағынаны білдіреді. Гимн ел азаматтарын тиімді әлеуметтік-саяси тұрғыдан топтастырып, этномәдени тұрғыдан теңдестіру үшін негізгі мәнге ие, маңызды дыбыстық рәміз саналады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында еліміздің мемлекеттік гимні екі рет – 1992 және 2006 жылдары бекітілді.
Республика мемлекеттік егемендігін иеленгеннен кейін, 1992 жылы Қазақстан гимнінің музыкасы мен мәтініне байқау жарияланды. Байқау қорытындысы бойынша Қазақ КСР гимнінің музыкалық редакциясын сақтау туралы шешім қабылданды. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның алғашқы гимнінің музыкасының авторлары Мұқан Төлебаев, Евгений Брусиловский және Латиф Хамиди болды. Сонымен қатар, үздік мәтінге жарияланған байқауда авторлар ұжымы, белгілі ақындар Мұзафар Әлімбаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев және Жадыра Дәрібаева жеңіп шықты.
Елдің дыбыстық рәмізінің танымалдығын арттыру мақсатында 2006 жылы жаңа мемлекеттік гимн қабылданды. Оның негізі ретінде халықтың арасында кеңінен танымал «Менің Қазақстаным» патриоттық әні таңдап алынды. Ол әнді Шәмші Қалдаяқов 1956 жылы Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазған болатын. Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әнге мемлекеттік гимн жоғары мәртебесін беру және анағұрлым салтанатты шырқалуы үшін музыкалық туындының бастапқы мәтінін өңдеді. Қазақстан Парламенті 2006 жылы 6 қаңтарда палаталардың бірлескен отырысында «Мемлекеттік рәміздер туралы» Жарлыққа тиісті түзету енгізіп, еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін бекітті.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні
Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай,
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!
Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің – Қазақстаным!
Әрбір нышан Қазақстанның ұлты мен шығу тегіне қарамастан, ел азаматтарының еркін біртұтас ұлт екенін көрсетеді. Қазақ елі Туымен тұғырлы, Елтаңбасын қуатты, Әнұранымен айбатты! Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың біртұтас ел екендігінің, тәуелсіздігінің, бай-қуаттылығының, ар-намысы биік, күш-жігері мығым, дамуды көздейтін асқақ мәртебелі ел екендігін білдіретін жарқын белгі.
Жш ақпарат