Қазақ тарихындағы ағартушы әйелдер

Ағартушы білімімен бөліскен, көптің сауатын ашуға еңбек еткен Алаш әйелдерінің алғашқысы – Үммі Гүлсім Асфендиярова. Гүлсім — Қазақ тарихындағы дипломы бар алғашқы әйел дәрігер. Атақты Санжар Асфендияровтың туған әпкесі. Асфендияров әулеті 8 ағайынды, барлығы жоғары білімді болған. Сол кезде, жалпы қазақтың қыздары енді сауатын ашып жүрген кезде, Гүлсім — Еуропада алғаш ашылған әйелдерге арналған медициналық институттың 10 стипендиясының біреуін ұтып алған алғашқы қазақ қызы. Институтты жақсы дипломмен аяқтағаннан кейін елге қайтып, жұртты емдеп қоймай ең алғашқы рет акушерлік курс, акушерлердің бөлімшелерін ашқан. Өз өңірінде алғаш рет кесір тілігін жасаған әйел.. Санжар інісінен бұрын медицинаға келген Гүлсімнің өз отбасы, бала-шағасы болмаса да мыңдаған баланың аман-есен дүниеге келуіне еңбек етті. Акушерлік мектеп ашты. Газеттерге жұрттың гигиеналық, медициналық сауатын ашу үшін тұрақты мақала жазып тұрды. Шәкірт тәрбиеледі, оқытушы болды. Бұл жәй діргердің еңбегі емес, таза ағартушының жолы.
Аққағаз Досжанова – Мәскеуде бiлiм алған қазақтың алғашқы дәрiгер қыздарының бiрi. Биыл халқымыздың тұңғыш ақ халатты абзал жаны атанған аяулы тұлғаның туғанына 115 жыл толып отыр. Бiр өкiнiштiсi, арпалысқа толы ХХ ғасыр басында қазақтың дербестiгiн аңсап, сол жолда бастарын бәйгеге тiккен ұлтымыздың бiртуар ұлдары Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Мiржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожановтармен бiрге жүрiп, ұлтжанды ағаларының алақанының жылуын сезiнiп, ұлт шаңырағының уығын қадауға қатысқан, қазақ қыздарының арасынан алғаш болып жұлдыздай жарқырап, «қараңғы қазақ көгiне, өрмелеп шығып, күн болуға ұмтылған» Аққағаз Досжанованы бүгiнгi ұрпақ бiле бермейдi.
Әңгiменi әрiден бастайық. Аққағаз Досжанова – 1893 жылы Ақтөбе уезiне қарасты Бөрте болысының 5-шi ауылында ауқатты шаруа отбасында дүниеге келдi. Анасынан ерте айрылып, ағасы Сағындықтың тәрбиесiнде өстi. Ретi келгенде айту керек, Аққағаз Досжанованың бiлiм алуына, дәрiгер деген қастерлi мамандықты таңдауына ағасы Сағындық Досжановтың ықпалы зор. Өйткенi Сағындық Досжанов заманында Алаш ардақтыларының сенiмдi серiгi болған, педагогтiк бiлiм алған, Алашорда қозғалысының батыс қанатын басқарған, Қырғыз Халық комиссарлары Кеңесiнiң, орталық атқару комитетiнiң мүшесi, Торғай облыстық халық ағарту комиссары қызметтерiн атқарған, осы облыстағы 1917 жылы 2-8 сәуiр мен 20-25 тамыз күндерi өткен құрылтайды ұйымдастырушылардың бiрi болды. Ағасының ақылымен Аққағаз Досжанова Орынбор гимназиясына оқуға түсiп, 1914 жылы үздiк бағамен бiтiрiп шығады. Бұл жөнiнде «Оренбургский Вестник» газетi арнаулы мақала жазып, гимназияда озат оқыған алғашқы қазақ қызының жетiстiгiн ерекше атап өтедi. Себебi ол заманда қазақ оқығандары, оның iшiнде қазақ қыздарының арасынан бiлiмге иек артқандар жоқтың қасы болатын. Аққағаз Досжанова сол уақытта «қазақ қыздары қараңғы, қазақ оқымайды» деген қатып қалған қасаң қағиданы бұзып, алғаш болып бiлiм өрiне ұмтылған қазақ қыздарының бiрегейi болды. Бiлiмге құштар, зерек, зерделi қазақ бойжеткенi Орынбордағы гимназияны ойдағыдай тәмәмдаған соң, Мәскеудегi жоғары әйелдер курсына оқуға түстi. Мұнаралы Мәскеуге жол тартқан қаршадай қазақ қызының бұл бастамасы заманында ерлiкпен пара-пар саналды. Өйткенi бұл уақытқа дейiн қазақ балаларының Мәскеу түгiл, өз елiнде оқуға мүмкiндiгi жоқ-тын. Мәскеу саналы қазақ қызын тек бiлiм нәрiне сусындатып қана қоймай, зерделi жастың зейiнiн кеңейтiп, үлкен өмiр жолына үйреттi. Ой-санасы өстi. Орыс құрбыларымен қатар жүрiп, ол Мәскеуде бiлiм алып жатқан мұсылман студенттерi – татардың, әзiрбайжанның және Шығыстың басқа да ұлттарының жастарымен тығыз бауырластық қарым-қатынаста болды. Бауырлас халықтардың бостандығы мен теңдiгiн, тұтастығын ту етiп мұсылман жастарының арасында үгiт-насихат жұмыстарын жүргiздi. Мәскеудегi татар студенттерi қоғамының белсендi мүшесi болды. Орыс тiлiне жүйрiк, мәдениетiне қанық қазақ бойжеткенi 1917 жылы ақпан айында Мәскеудiң татар слободкасындағы медреседе бұратана халықтардың патша өкiметi езгiсiнен азат етiлгенi туралы орыс тiлiнде баяндама жасады. Ақиқатын айтқанда, Аққағаз Досжанова Мәскеудегi мұсылман жастарының көш басында тұрды. Айтар ойын жасқанбай ашық айтты, мұсылман бауырлардың сөзiн сөйледi. Қаладағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Сөйтiп жүргенде Аққағаз Досжанова науқасқа шалдықты. Жолдастарының көмегiмен клиникада емделiп, мәскеулiк дәрiгер, профессор Плетновқа көрiнгенiмен де науқасынан айыға алмаған соң туған жер топырағына оралуға мәжбүр болды. Осылайша талапты бойжеткен 1918 жылдың қоңыр күзiнде курстың «қайырымды медбике» бөлiмiн асығыс аяқтап, атамекенге аяқ басты. Елге оралып, бiр жылдай ауылда тынығып, денсаулығын түзеп алған арманшыл бойжеткен әрекетсiз отыруды жөн көрмедi. Мәскеуде бiрер жыл оқып келгенi бар, бiлiм нәрiне толық сусындап үлгермеген талапты жас қайтсе де бiлiм алуға, өнер үйренуге құлшынды. «Талаптыға нұр жауар» демекшi, сол жылы бiлiмге iңкәр жүректiң арманы орындалып, Аққағаз Досжанова Томск қаласындағы дәрiгерлiк институтқа оқуға түстi. 1921 жылы бiлiм ордасын ойдағыдай тәмәмдаған болашақ дәрiгер осы жылы Семей облысының Абай ауданына келiп, тәжiрибеден өттi. Тектi тұлғалар туған топырақта тәжiрибеден өткен бойжеткен Томскiге қайтып оралғысы келмейдi. Ойлы қыз ойлана келе, ақыл таразына салып бар қазақ зиялылары бас қосып, тiзе бiрiктiрiп жатқан Ташкентке баруды жөн көредi. Сөйтiп, тәуекелге бел буып, Ташкентке келiп Орта Азия жастарына арнап ашылған Түркiстан мемлекеттiк университетiнiң дәрiгерлер факультетiне құжат тапсырады. Мiне, Аққағаз Досжанованың қазақ зиялыларымен достығы, ағалы-қарындасты сыйластығы, ұлтжандылығы, жастарға деген қамқорлығы, мамандығына деген ерекше құштарлығы осы Ташкентте басталды. Оқи жүрiп, өз мамандығы бойынша қызмет еттi. Сабақтан тыс уақытында қалалық акушерлiк-гинекологиялық клиникада ординатор болып жұмыс iстедi. Қоғамдық жұмыстарды да назардан тыс қалдырмады. Ретi келгенде айту керек, Аққағаз Досжанованың Ташкентте жүргенде құштарлана кiрiскен игi iстерiнiң бiрi – панасыз балаларды қамқорлығына алып, оларды балалар үйiне орналастырумен айналысты. Орынбор, Жизақ, Самарқанд, Бұқар қалаларынан жиналған жетiмдердi қарсы алып, шұғыл жәрдем көрсету тобына жетекшiлiк еттi. «Бiр баланың маңдайынан сипасаң, мың перiште күлiп тұрады» демекшi, бiр емес бiрнеше балаға жүрек жылуын берген ақ халатты қазақ қызының бұл iсiн биiк парасат демей көрiңiз!

Меруерт Ерболатқызы