Тұрмыстық зорлық-зомбылық – ҚОҒАМ ДЕРТІ

Бүгінгі көтеріліп отырған тақырыптың өзектілігін бәріңіз білесіздер. Бүгінде барша әлем елдерінде белең алған тұрмыстық заң бұзушылық біздің елімізде де өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Отбасындағы жанжалдың кесірінен болатын қылмыстардың жиілеп кетуіне қоғам алаңдаулы. Зерттеулер бойынша оның басты себептерінің біріне – маскүнемдік, жұмыссыздық, соған байланысты тұрмыс жағдайының ауырлығы сияқты әлеуметтік жағдайлар жатады. Тұрмыста жапа шегетіндер негізінен әйел адамдар. Ал, біздің мемлекетіміз үшін әйел-ананы қорғау ерекше мәселе. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта қоғамның қарыштап дамуына қарамастан, әйелдерге қатысты отбасылық зорлық-зомбылық әрекеттер тыйылар емес. Оған өзіміз күнде куә болып отырмыз. Зорлыққа төзімсіздік отбасында, баланың кішкентай кезінен бастап тәрбиеленуі керек. «Анасын көріп, қызын ал» дейміз. Өмір бойы таяқтан көз ашпай, үреймен күн кешсе де, «балаларым әкесіз өспесін» деген жалған намысты ұстанған ананың қызы зорлыққа қарсы тұра ала ма? Әкесі шешесін ұрып-соғатынын көріп өскен ұл өзі үйленгенде күйеу болудың жөні осы деп, жұдырығын ала жүгіруге бейім болатыны да рас. Осындайда, шыдамның да шегі бар және оның салдары да қорқынышты екенін айта кетуіміз керек.

Зорлық-зомбылық құрбандары саналатын әйелдердің проблемасы – барлық елдер заң шеңберінде тыйым салуға талпынып жатқан үлкен мәселе, әрі жиі қайталанатын қылмыстар санатына жатады. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдердің нақты санын дәл айту мүмкін емес. Себебі, олардың барлығы арнайы органдарға барып шағымданбайды. Әсіресе қазақ отбасындағы әйелдер зорлық-зомбылыққа төзіп жүре береді. Кейбір әйелдер, дәл сол мезетте ашуын біреуге жеткізіп алса, одан кейін кешіріммен қарап, әрі қарай өмір сүре береді. Олар ешқашан өз ерлерін жаманатты қылғысы келмейді. Дегенмен, оны түсінетін ер адамдар қазіргі таңда сиреп барады.

Зорлық-зомбылық – жалпыға ортақ мәселе және бұл аналардың қасіреті, бұл – бүлінген тағдырлар. Келешекте өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десек, қыз баланың тәрбиесімен бірге, ұл баланың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөлу қажет. Әр жеткіншек қыз бала мен ананы сыйлауды, әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді.