Көрісу күні — Амал мерекесі

«Бір жасың құтты болсын!»: Амал көрісу дегеніміз не және оны қалай тойлайды Мейрамда бір-бірімен көріскен жандар. Қазақ жерінде 14 наурыз күні «Амал» мерекесі тойланады. Әсіресе Маңғыстау, Атырау өңірлерінде және Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарының кей аймағында бұл мейрамды атап өту дәстүрі бұрыннан сақталған. Амал мерекесі жайлы не білеміз? Амал мерекесі жайлы ғалымдардың пікірі әр түрлі. Көрісу күнін зерттеп жүрген ғалымдардың біразы бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп айтып жүр. Ертеректе көшпенділер салтымен өмір сүрген қазақ халқы қыс айларында бір-бірін көре алмай, көктем шығып, күн жылына бастағанда сағынысып көріскен. Көрісу жайлы жазылған ақпараттардың бірінде қыстан аман шыққан адамдардың саулық сұрасуы дәстүр боп сақталып қалса керек делінеді. Ал кей ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады: Тарихи деректерге сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Халком кеңесі Григориан күнтізбесін қолданысқа енгізді. Алайда екі күнтізбенің айырмашылығы 13 күн болып қалған. Осыған орай 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған.

Осы деректі негізге алсақ, 1 наурыз 14 наурызбен сәйкес келеді. Бұл күн жылдың басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған. Мұндағы амал сөзі ескіше парсы тілінің «хамал» сөзінен алынған. Наурыз айы парсы тілінде «Хамал» айы деп айтылғандықтан бұл мейрам «Амал мерекесі» деп аталып кеткен. Хамал — Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңеліп, амал кірген сәтте Тоқты шоқжұлдызы туады. Яғни, «Амал мерекесі» мен «Наурыз мерекесінің» мағынасы бірдей. «Наурыз» сөзі «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді. Көктемнің хабаршысы — бәйшешек. Наурыз ескіше үт жұлдызы мен қамал жұлдызының тоғысуы кезінде пайда болған. Үт айы ескіше – ақпан, ал қамал наурыз айына сәйкес келеді. Арабша амал, парсыша қамал деп аталған. Қазақтар амал деп те, қамал деп те айтады. Бұл мереке осы жұлдыздардың тоғысуы кезінде пайда болған. Ескіше 13-14 наурызға сәйкес келсе, жаңаша наурыз айының 21-22 жұлдызына келеді. Жұлдыз аттарын қазақтар қаңтардан бастап амал, сәуір, саратан, зауза, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәді және үт деп атаған. Үт айы келген кезде (жаңаша ақпан) «үт келді, құт келді» — дейді». Көрісу күні қандай жоралғылар жасалады? Таң атқаннан «Амал» мерекесін асыға күткен әрбір отбасы дастарқанына құрт-ірімшігін, бауырсағы мен сары майын қойып, наурыз көжесін пісіреді. Табалдырығын аттаған әрбір қонағын жылы жүзбен қарсы алып, ерекше ілтипат көрсетеді. «Дәл осы күні әр адам өзінен жасы үлкен кісілердің шаңырағына кіріп, амандасып, көріседі, барған үйіне «Бір жасыңызбен!» — деп еніп, жаңа жылға аман-есен аяқ басқан жора-жолдас, туған-туысқандарын құттықтайды. Бір-біріне деген өкпе-реніштері болса, кешіріседі, амандық-саулық тілеседі. Сондай-ақ, әр отбасы көршілерімен көріседі. Бұл күні әр адам міндетті түрде үш үйдің есігін ашуы керек, яғни түске дейін үш үйге кіріп, көрісіп үлгеруге тиіс. Үйді-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Балақай қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарқанымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған». Ешкім бұл күн ежелгі ерегесін, Ескі кегін қоздырып, ақы алмайды. Өткен жылғы өкпесін, өкінішін, Жаңа жылға арқалап апармайды. Амал күні қазағым көріседі, Көрісу бұл көненің жемісі еді. «Жасың құтты болсын!» — деп жамырасып, Ақ ниетпен, адал қол беріседі. Наурыз – жаңару, тазару, құрмет айы. Ал өкпе-ренішті ұмытып, жаңа жылға жақсы ниетпен басатын қадамның көрісу жоралғысымен басталуы орынды. Көрісу дәстүрі бір күнмен шектелетін мереке емес, 14 наурыздан басталған мейрам наурыз айы аяқталғанша жалғаса береді.
Наурызнаманың бағдарламасы:
14 наурыз күні – Амал мерекесі.
15 наурыз – Қайырымдылық күні.
16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні.
17 наурыз – Шаңырақ күні.
18 наурыз – Ұлттық киім күні.
19 наурыз – Жаңару күні.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні.
21 наурыз – Ынтымақ күні.
22 наурыз – Жыл басы.
23 наурыз – Тазару күні деп жарияланды.
14-23 наурыз аралығында «Наурыз-базарлық» маусымы жарияланады. Осы жылы қазақстандықтар бұл мейрамда бес күн – 21, 22, 23, 24, 25 наурызда демалады. Сондай-ақ 21 наурызда Наурыз мейрамымен қатар мектеп оқушылары демалысы басталады.
Көрісу күні қайдан шыққан?
Бұл мереке туралы ғалымдар пікірі әрқилы. Нақты факт жоқ. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады. Дегенмен оның шығу төркіні тереңде жатқаны талас тудырмайды. Көрісу күні негізінен, Батыс Қазақстан аумағында тойланады. Бұл осы өңірдің бүгінге дейін мал шаруашылығымен айналысып келуімен тығыз байланысты. Себебі үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанның аман-есен шығуы киіз үйде тұратын жұртшылық үшін қиын болғаны анық. Содан қар еріп, жер жіби бастағанда шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылған халық туған-туысын, жақын-жуығын іздеп, бір-бірімен көрісетін болған. Яғни, бұл күн — көктемге аман-сау жеткен халықтың тілек айтып, бір-бірімен қауышатын күні. Сондай-ақ, 14 наурыз — ескі күнтізбе бойынша наурыздың алғашқы күні.Амал мерекесі — жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем бастал¬ған Амал таңының алдында адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы ретке келтіріп қояды. «Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болғандықтан, бір күн бұрын кешкісін адамдар міндетті түрде бастарын жуып, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң сібірлеп атысымен әр ошақ ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, Көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күй¬мен қарсы алып, үйіндегі мол дастарханға шақы¬рады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды, ешкім ұйықтап жатпайды.
Тарихында көшпелі ғұмыр кешіп, шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылып, киіз үйде тұрған қазақ халқы қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақын-жұрағатын іздеп, үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанының аман-есен шыққанына шүкіршілік қылып, бір-бірімен көріскен. «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің артында «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!» деген тілек-тәубә жатыр.
Ең бастысы, Көрісу — адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі салты. Көрші-қолаң, дос-жаран, құрбы-құрдас бір-біріне «Қосқан жасың құтты болсын!», «Ғұмырың ұзақ болғай!» деген ақтайлақ ниетін айтады.
Көрісу күні – үлкен мен кішінің арасында сыйластық пен сыпайылық орнататын, имандылыққа негіз салған мереке. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Демек, осынау орасан ізгілікке толы күні ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады.
Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді; әйелдер беттерінен сүйіп, көріседі. Өзара мал-жанының амандығын сұрасып, қыстан аман-есен шыққандықтарына тәубе келтіреді. Қазақтың әдептілік дәстүрі бойынша, тек келіндерге аталарымен және қайын ағаларымен көрісуге болмайды. Ағайын-туыс, құда-жекжат, дос-құрбы сыйлы адамдарына жібек шапан, көйлек-жаулық сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады. Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құтылса, құба-құп.
«Көк қарға келмей көктем шықпайды» дейтін Амал күні — сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы, сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдысқа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары май — Көрісуге келгендердің бір сыбағасы. Кейбір үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, жеті түрлі дәм қосып, наурыз көже асып қояды. Тары қайнатылып, бидай қуырылып талқан мен жент жасалады. Әрбір отбасы жеті шелпегін пісіріп, иіс шыға¬рып, бауырсағын пісіреді. Өйткені, Самарқанның көктасы еритін Ұлыстың ұлы күні — күн мен түннің теңелетін біздің түркі жұртының ортақ мейрамы — Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз.
«Түс болып қалды, үш үйдің есігін ашуға үлгермей қаласың» (кіші жүздің қазақтары “40 үйдің есігін ашу керек” деп есептейді) — деп асығатыны да бар.
…Қасат қар еріп, көктемнің иісі бұрқырап, шы¬бын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянған сәтте қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузынан далаға қарайды. Балпақтың басын қылтитып інінен шыққанын 14 нау¬рызда қазақтың кең даласының құмдауыт қыраттарында көруге болады. Ата-баларымыз: «Пенденің аузы — аққа, малдың аузы — көк¬ке тиді» деп, адамның — адаммен, жылдың — жылмен көрісетін күні¬нің ертеңін, яки, 15 наурызды «Қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұл¬ды¬зы туды» деп айдарлаған. Сон¬дық¬тан, Көрісу күні — қазақты ын-тымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр.
Көрісу күнінің негізгі шарттары — үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау — ізгіліктің бастауы. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу – Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттері.
Жылдың басы — Әз-Наурыз — Амал күнінен кейін жылымық сәуір кіргенде бәбісек шақырады. Саpала түстi, ұзын сиpақты, айдарлы көкек тәріздес кішкене құстың нәзік үні жылулық пен жақсылықтың белгісіндей әуезді естіледі. Ал, дәп Амал күні Наурыздың жұмсақ ақшақары жауса, ежелгі жұртымыз «Жаңа жылда жақсылық көп болады», деп үміттенген.
Қазақ халқындағы амандасу үлгісі нағыз мұсылманша болатын. Кездескен кезде оң қолын жүрек тұсына қойып «Ассалаумағалейкум!» деп дауыстап сәлем берген. Оң қолын беріп, қос қолдап амандасқан. Жас үлкенге, жалқы адам жалпы көпшілікке бірінші болып сәлем берген. Ал әйел кісілермен «Есенсіз бе?» деп хал сұрасқан. Осылай сәлемдесу әдебін балаларына да үйреткен. Сол тәрбие арқылы шынайы мұсылманшылық болмысын сақтай алған. Бұқар жыраудың мынадай үлгілі нақыл сөзі бар:
Өзек қуа ағады,
Өзен судың сағасы.
Алыстан сәлем береді,
Әдепті елдің баласы.
«Ассалаумағалейкум» арабша «Ассаламу алейкум» – «сізге Құдайдың тыныштығы болсын» деген мағынаны білдіреді. Демек мұсылманшылықта сәлем берудің негізі – тілек, екі мүмін кездескен жерден бір-біріне Тәңірінің тыныштығын тілеп, дұға етеді
Жаратқан Ие мұсылмандарға бір-бірінің үйлеріне барғанда жақсылап амандасуын бұйырады. Есендеспей кірмеуді ескертеді.
Алла Тағала былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен үйлеріңнен басқа үйлерге қашан үйренісіп, иелеріне сәлем бермейінше кірмеңдер. Солай еткендерің өздеріңе жақсы, бәлкім, үгіт аларсыңдар» («Нұр» сүресі, 27-аят). Сондай-ақ, ардақты аяттарда сәлем берген адамға сәлем қайтарудың маңызы айтылады. Алла Тағала былай дейді: «…Егер сендерге сәлем берілсе, одан да жақсы сәлем беріңдер не солай қайтарыңдар. Шындығында, Алла әрбір нәрсені есептеуші» («Ниса» сүресі, 86-аят).
Мұсылманша амандасудың түп-төркіні атамыз Адамнан басталған. Хақ Тағала әу баста оған осылай сәлемдесуді үйреткен.
Көрісу күні жасы үлкендердің үйіне арнайы барып, сәлем беріп, құрмет көрсету, ақсақалдардан бата сұрау дәстүрге айналған, адамдар бір-біріне кешіріммен қарап, ескі өкпе-реніштерін ұмытады.
Баршаңызға зор денсаулық пен амандық тілейміз!
ЖШ АҚПАРАТ