![жетісу](https://eskeldi-eli.kz/wp-content/uploads/2024/03/жетісу-678x381.jpg)
Бүгін Алғыс айту күні Астанадағы Достық үйінде телекөпір форматындағы ауқымды шарамен басталды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, Мәдениет және ақпарат вице-министрі, депутаттар мен этно-мәдени бірлестік өкілдері, соның ішінде Жетісу облысының да жұртшылығы қатысты. Республикалық телекөпір байланысына талдықорғандықтар Тіл сарайындағы трансляция арқылы қосылды.
Алғыс айту күні бұдан әрі облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаевтың бірнеше мекемені аралап, мамандарға көптің атынан ризашылық білдіруімен жалғасты. Алдымен Марлен Қапашұлы «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығына» барды. Мұнда бүгінде 300-ге жуық келушілер бар, олар бос уақыттарын тиімді өткізеді. Әрі жастарды тәрбиелеуге де елеулі үлес қосуда. Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келген мерекеде М. Көлбаев зейнеткерлерге алғыс айтып, орталыққа 3 тренажер сатып алуға арнайы сертификат сыйға тартты.
Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары «Айсұлу» тігін фабрикасына барды. Бүгінде 250 адам еңбек ететін кәсіпорынның бірқатар ауданда филиалдары бар. Облыс әкімінің орынбасары фабрикада еңбек ететін қыз-келіншектерге ізгі тілегін білдіріп, гүл шоқтарын ұсынды.
Сол сияқты қалалық көпсалалы аурухана мен перинаталдық орталыққа атбасын тіреген М. Көлбаев денсаулық сақшыларына алғыс білдіріп, ұлт саулығын сақтаудағы, ана мен баланың амандығы жолындағы ерен еңбектері үшін ризашылығын білдірді.
Құттықтау шарасы Достық үйінде жалғасты. «Баршаңызды мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Иә, әуел баста Алғыс айту күні қазақ халқына деген құрмет ретінде басталды, бірақ жыл сайын оның мәні тереңдеп, маңызы арта түсуде. Қай-қайсымыз үшін ата-аналарымызға, мұғалімдерімізге, тәлімгерлерімізге Алғыс айтудың орны бөлек, өйткені Алғыс айту күні — біздің көпұлтты еліміздің ең жарқын мерекелерінің бірі, — деді облыс әкімінің орынбасары.
ҚХА ардагері, Алматы облысының Құрметті азаматы Светлана Гаитова өз сөзінде Алғыс айту күні біздің бірлігімізді, жалпыұлттық келісімімізді паш ететінін айтты. «Еліміздің барша тұрғындарын құттықтап, бәріне, ең алдымен қазақ халқына алғысымды білдіремін. Ұлы дала рухы, мейірімділік, жылылық, кішіге қамқорлық, үлкендерге шексіз құрмет – осындай құндылықтар бәрімізді біріктіреді. Себебі біз қазақстандықтармыз!» — деді С. Гаитова.
Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.