Ұлы жолда еңбек етті жас жаным

Мектепті екінші үй десек, ұстазды анамыз дейміз. Ұстаз бола білу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Алыптың да, дананың да ұстазы болған. Ұстаз- ұлық емес, ұлы қызмет. Ұлы қызметтің киелігін түсіне білетін де, білмейтіндер де бар. Ұлының ұлылығын, киенің — киелігін айт деген дана бабалар. Қаншама мән мен мағына жатыр десеңізші. Жанның қалауымен беріліп, ұстаздықтың киелі мамандық екенін түсіне білген адам ғана дараланып қалады. Бұны жазып отырған себебіміз, бүгінгі мақалаға арқау болып отырған зейнеткер ұстаз. Өмірінің жартысын осы жолға арнап, қазіргі таңда жақсылығын көріп, немере мен шөбереге тәлім беріп отырған Ақ әже. 1940 жылы қаңтар айының бірінде бұрынғы Талдықорған облысы Панфилов ауданы , Көктал ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген Нұрила Тұрғамбайқызы. Сол ауылдың орта мектебін үздікпен аяқтап, Жаркент қаласындағы педогогикалық училишеге оқуға түседі. Оқып жүріп, өмірлік жары Мейірбайұлы Бекберген атаны жолықтырып, тұрмысқа шығады. Бекберген Мейірбайұлы Ескелді ауданы Теректі ауылының тумасы. Екеуі бір оқу орнын жақсымен аяқтап, бір білім ордасына жұмысқа тұрады. Жұмыс істеп жүріп, Алматы қаласындағы Киров жоғары оқу орнына түседі. 1962 жылдан бастап Теректі ауылындағы Теректі бастауыш класына жолдамамен қызмет атқарып, кейін 1965 жылы Жетісу орта мектебіне жұмыс бабымен ауысады. Алғашында бастауыш сынып мұғалімі болып, сосын өз мамандығы қазақ тілі мен әдебиет пәнінің оқытушысы болады. Сол ауысқаннан бір орында зейнетке бірақ шығады. «Ұстазға құрмет – білімге құрмет. Мәселен, Ескендір Зұлқарнайын өз ұстазын «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотельден сол өмірге керектінің бәрін алдым» деп еске алған екен. Сондықтан да, ұстазға құрмет – адамзатқа міндет.», — дейді Нұрила Тұрғанбайқызы. Ұлы ғалымдардың сөздерін пір тұтқан зейнеткер ұстаз әлі күнге дейін ұстаздығын ұмытқан емес.
Ұстаз тұлғасы шын мәнінде, адамзат өркениетінде ерекше рөл атқарып келген және атқарады да. Ғылым әлемі сол кездің өзінде-ақ, Әбу Насыр әл-Фарабидің талантын, еңбегін жоғары бағалап, оны ежелгі дәуірдің әйгілі ойшылы Аристотельден кейінгі «Шығыстың екінші ұстаз» деп атады. Осыдан ұстаз мамандығының ең қастерлі екендігіне, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұрғандығына көз жеткізуге болады. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Күтімі жақсы ағаштан жақсы өнім алуға болатыны сияқты, мұғалім тарапынан жүйелі берілген білім өз кезегінде оң нәтижесін бермек. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі -қазіргі ұстаздардың қолында. Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәлім — тәрбиесіне де аса көңіл бөлінуде.
Кейінгі жылдары ұстаздардың қоғамдағы орнын айқындау мен беделін көтеруде мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар, «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданғаннан кейін мұғалімге деген көзқарас та, талап та өзгеруде. Мұғалімнің қазіргі жағдайы бұрынғыдан көп жақсарды. Ұстаздар қауымына қатысты айтылып жүрген мәселелердің шешім тапқаны көңілге медет екені қуантады. Қоғамдағы ұстаз беделі заңға ғана байланысты көтерілмейді. Мұғалімнің негізгі міндеті, ең құнды әрі маңызды мәселе – қазіргі кездегі жаңаша оқыту мен тәрбиелеу технологияларын меңгеріп, өз кәсібін әрі қарай дамыту. Ұстаз мәртебесін көтеретін – сол ұстаздың өзі. Қазіргі қоғамда кәсіби жақтан жоғары білікті, өзінің шығармашылығы мен біліктілігін үнемі көтеріп отыратын, заман талабына сай, құзіретті, жаңалыққа жақын жаңашыл ұстаз ғана қоғамда жоғары мәртебеге ие болып, беделі артатындығын өмір өзі дәлелдеп отыр. Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті — ұстаздардың қолында. Ұлттық және адамзаттық құндылықтарды бойына дарытқан тұлғаларды тәрбиелеуде ауданның қосымша білім беру ұйымдары ұстаздары,мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ұстаздары және басшылық қызметтегі ұстаздарымыздың игілікті істеріндегі шабыт пен шығармашылық өрлеу жолының сатылана беретініне сенім мол. Мұғалімнің мәртебесін көтермей, оны құрметтемей, оның қиын да асыл жұмысын тиісті деңгейде қамтамасыз етпей, біз маңызды мақсаттарға жете алмаймыз. Сол себепті жаңашыл мұғалім қалыптастыру жолында педагог мәртебесін мейлінше көтеру– құптарлық іс. Заман қалай құбылса да, осынау бір ұлы мамандық иелеріне деген құрмет өз деңгейінде сақталып,ұлықталуда. Ұстаздық ұлы жолды ұлықтауда мемлекет тарапынан «Тамшысымен тас тесетін бейне бір су тәрізді» жандарға ілтипат танытуы – адамгершіліктің ілгері басуының бір қадамы. Өйткені, ұстаз тұтастай ұлтты тәрбиелеуші, мәңгі нұрдың қызметшісі десек, ұстаз бейнесі білім мен жарық сыйлаушы ретінде мыңдаған шәкірттердің көкірек көрігінде, жүрек түбінде мәңгі сақталары хақ. Осы орайда кешегі мен бүгінгі ұстаздар қауымының айырмашылығын білу үшін Нұрила апаны әңгімеге тарттық.
-Нұрила апа, жақсы мұғалім болуға қандай факторлар (ерекшеліктер) көмектеседі?
-Жалпылама алатын болсақ, бүгінгінің ұстаздары ерекше ғой. Біздің кезімізде, жаңашыл педагог деген ұғым болған жоқ. Кейіннен дами бастады. Біз тек оқулықтармен ғана жұмыс жасасақ, бүгінгінің ұстаздарында бар жағдай жасалынған. Сонысымен де ерекшеленеді. Заман ағымы мен қарыштап бірге өсіп өнді. Жақсы мұғалім болуға ешқандай факттар керек емес-ау. Мұғалімдікті түсіне білу керек. Жалпақ тілмен айтқанда әрбір істер, атқарар ісіңнің берекесі мен мерекесін көргің келсе, оның қыры мен сырына үңіле білуің керексің. Сонда ғана жақсы маман бола аласың. Ұстаз оқушыға білім бере отырып, балалардың досы, ақылшысы,
рухани жетекшісі десек еш артық айтқандық болмас. Өмірде білімнің
үздіксіз екенін, мұғалім үшін оның тоқтауы өте қауіпті екенін
жадымыздан шығармауымыз керек. Ұстаз қашан да ізденіс үстінде, өз
әдістемелік шеберханасын байыту жолында үздіксіз еңбектенуден
жалықпайтын тұлға болуы тиіс. Ұлы ағылшын ағартушысы Уильям Уорд:
«Жай мұғалім хабарлайды, Жақсы мұғалім түсіндіреді, Керемет мұғалім
көрсетеді, Ұлы мұғалім шабыттандырады» дейді. Білім беру жүйесі
мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық
қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті
қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті.

  • Мұғалімнің ата-ана мен оқушы алдындағы мәртебесі туралы не айта аласыз?
    -Баяғыда мұғалім мәртебесі, бала мәртебесі деген ұғым болған жоқ. Ұстаз ұстаз болған. Анау түпкі каридордан ұстаздың жүріп келе жатқан аяғының даусын естігеннен бастап, дене мүшеміз дір ететін. Мұғалімнің алдын ешқашан кесіп өтпейтінбіз. Ата-анамызға ескертулер айтып жатса, ата-аналар үн қатпай-ақ ұғынатын. Қайран кездер. Ешқашан ұстаз емес, бала кінәлі болатын. Ол кезде де мұғаліммен ата-ана тығыз байланыста болатын. Мұғалімнің ата-анамен қарым-қатынасы – ол бірінші орында. Ата-ана мектеппен байланыста болуы керек. Баласын мектепке арқасынан қағып шығарып отыра беруге болмайды. Себебі ата-ана сынып жетекшімен байланыста болуы керек. Ата-ана баласының қай жерде, қандай сыныпта білім алып жатқанын, оның достары, ортасы қандай екенін, білім қалай беріліп жатыр – осының барлығын назар аудара білуі керек. Меніңше, қазіргі ата-аналар өте сауатты. Кез келген ата-ана өзінің баласы үшін жауапты. Сондықтан ата-ана-сынып жетекшісі-пән мұғалімі бір-бірімен тығыз байланыста болуы керек деп есептеймін.
    -Жолдасыңыз Бекберген ата екеуіңізде ұстаз екенсіздер. Бір үйде, екі ұстаз болу қиындық тудырмады ма?
    -Марқұм атаң, ұстаздың ұстазы еді ғой шіркін. Кезінде орыс сыныптары ғана болған заманда, Бекберген атаң Ыбырай Алтынсариннен кейінгі қазақ сыныптарын ашқан дара ұстаз еді. Ол кісімен бір шаңырақ астында ұстаз болу қиынға соқтырмады. Керісінше, маған үлкен демеу мен қолдау болды. Мінезі салмақты, отбасында жайлы, ойы ұшқыр, білім десе ішкен асын жерге қойған азаматтың төресі болған. Мені үнемі оқуға, ізденуге итеріп отыратын. Өзі арқашан ізденіп, жаңалық ашуға құмар болатын. Қазақ мектебі біздің ауылда қиынға соқтырған кезеңде, жанын беріп атсалысқан осы Бекберген атаң болған. Жанымдағы қолдаушым білімді болған да, маған қандай қиындық болсын.
    -Сіздердің жолдарыңызды қуған балаларыңыз бар ма?
    -Бекберген екеуміз Құдай берген бес баламыз бар. Құдайым көп көрмесін. Санын айтпай-ақ қояйын, немере мен шөбере сүйген әжемін. Балаларым әке мен ананың тәрбиесін көрген, өнегелі, тәрбиелі. Алған жарлары да инабатты. Алдымнан осы күнге аттап, бір қарсы-қалыс мінездерін көрсеткен жандар емес. Бүгінгі таңда кенже ұлымның қолындамын. Келіндерім келін емес, қыздарымдай. Біздің жолымызды қуған, қызымыз болатын. Бірақ, ұстаздық қызметті оқығанымен басқа салада жұмыс атқарады. Немерелерім мен шөберелерімнің бойына аталарының ер мінезділігі тартқан.
  • Жұмысыңыздан шаршап, басқа салаға кетіп қалғыңыз келген сәт болды ма?
    -Жоға, ойламаппын. Жұмыстың аты жұмыс қой. Қандай бағытта жұмыс істесең, сол бағыттың рахатын ала білу керек. Сонда шаршағаныңды ұмытасың. Бәлкім шаршауға да қол тимейтін шығар.
  • Мұғалім мамандығындағы ең қиыны не деп ойлайсыз?
    Ұстаз – ол балаға білім нәрін себетін, ақылын айтып, ілім үйрететін асыл жан. Ұстаздан аларымыз, үйренеріміз көп. Ұстаздың сөзін ұғыну – біздің міндетіміз. Абай атамыз айтқандай, «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші, ұстаздың еңбегін бағалай білуіміз қажет. Ұстаз болу, шәкірт тәрбиелеу – кез – келген адамға бұйыра бермейтін
    бақыт, абырой. Шәкірттерімнің сүйікті ұстазы болғаныма, осы абыройлы
    істі атқаруға жүрексінбей кіріскеніме, осы жолды таңдағаныма еш
    өкінбеймін. Қайта осы жолдағы қиындықтар мені қай жағынан да өмір
    сүруге бейімдеп, қайратты, айлалы, өжет етіп тәрбиелеп жатқандай.
    Ұстаздық еңбектің сахнасындағы басты кейіпкер өзіміз және
    шәкіртіміз. Сондықтан алдымыздағы періште сезім, ақ қағаздай тап -таза
    көңілдерге кірбің түсірмей, олардың талабын ұштап, қанатын қатайтып,
    ұшатын бағытын тауып беру – біздің басты міндетіміз болып саналады.
    «Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді болады» демей ме дана
    халқымыз. Әр шәкіртінің жетістігіне қуанып, сүрінгенде қолтығынан
    демеген ұстаздың орны шәкірті үшін әрқашан бөлек. Білім нәрін сіңіру
    үшін тек терең білім ғана емес, сезімтал жүрек пен мейірім, шәкіртінің
    әрбір ұмтылысына қуанып отыратын шынайы көңіл, жанашыр тілек
    қажет. Бүгінде, шәкірттерімнің көбі, белді –белесті бағындырып, қоғамда өз орындарын тапқан даналар. Ұстаздан шәкірт озады демей ме?! Менен де шәкірттерімнің талайы озған. Әлі күнге дейін мені ұмытпай, әрбір мереке қарсаңында құттықтап жан-жақтан келіп жатады. Өміріме ризамын. Тәубе деймін. Атаң мен де жаман өмір сүрмедік. Бағы жанған жанның бірімін. Бүгінгі өскелең ұрпаққа да, бар жақсыны тілеймін. Бар болсын, бай болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын демекпін.
    Ұстаз! Осы бір бес әріптен ғана тұратын сөздің астарында теңіздің тереңдігіндей қаншама мән- мағына, таудың биіктігіндей ұғым жатыр. Уақыт шіркінге кім тоқтау болған?! Бұл, мұғалім болуды керемет арман еткен, бүгінгі таңда еңбегімен ел арасында, шәкірт махаббатына бөленген тәжірибелі маман, ардагер ұстаз Нұрила Тұрғанбайқызының өзінің ұстаздық ұлы жолын ой елегінен осылайша өткізеді.
    …Ұстаз болып еңбек жолын бастадым,
    Ұлы жолда еңбек етті жас жаным.
    Бар арманым ұрпақ үшін тер төгу,
    Бір сол үшін қиындықтан қашпадым…
    Әр оқушының бойына білім нәрін сеуіп,бұлақ суындай сусындатқан ұстаздың еңбегін ұмыту мүмкін емес. Әрбір шәкірттің өзі сүйген, жылдар бойы тәлім алған ұстазының аяулы бейнесі көкірек көрігінде, жүрек түбінде сақталуы заңдылық деп білемін. Ұлы ұстаз алдынан өтпейтін ешбір пенде жоқ, ғалым, дана да, ақын, әншіде, барша адамзат баласы ұстаз алдынан білім нәрімен сусындаған!!! Ардагер ұстазға, зор денсаулық, қажымас қайрат пен күш-жігер, немене мен шөпшектің қолынан су ішуге жазсын деген жылы лебіз тілейміз!!!
  • Арай Әділ