ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысы барысында кәсіпорындарда экологиялық талаптарды сақтау мәселелері қаралды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев атап өткендей, өткен жылдың қорытындысына сәйкес шығарындылар бойынша нормативтердің 3,3%-ға – 4,2 млн тоннадан 4,06 млн тоннаға дейін, төгінділер бойынша 8%-ға – 2,5 млн тоннадан 2,3 млн тоннаға дейін төмендеуіне қол жеткізілді.
Экологиялық заңнаманың сақталуын бақылау мақсатында 652 тексеру жүргізілді, нәтижесінде 1,6 мың құқық бұзушылық анықталды. Олар бойынша жою туралы 628 тиісті ұйғарым берілді. 322 млрд теңгеге 2,1 мың әкімшілік айыппұл салынды, 11,3 млрд теңге мөлшерінде 1,8 мың айыппұл өндірілді. Қалғандары орындалып жатыр.
Экологиялық жағдайды жақсарту үшін ірі кәсіпорындар жыл сайын табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарларын әзірлейді. Сонымен қатар жұртшылықпен, экоактивистермен, жергілікті атқарушы органдармен және табиғат пайдаланушылармен бірлесіп өңірлердің экологиялық мәселелері қаралды. Нәтижесінде олардың кешенді шешімі бойынша 18 жол картасы әзірленді. Іс-шаралардың жартысынан көбі іске асырылды, қалғандарын орындау жалғасуда.
Премьер-Министр атмосфераны ластаушы заттардың басым бөлігі өнеркәсіп кәсіпорындарына тиесілі екенін атап өтті. Атап айтқанда жылу энергетикасы мен мұнай-газ секторларының кәсіпорындары, тау-кен өндіру және өңдеу салалары, қара және түсті металлургия кәсіпорындары үлес қосып отыр.
«Кәсіпорындардағы ластағыш заттарды үнемі бақылап тұру үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілуде. Бұл кәсіпорындардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде қадағалап тұруға және белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда жедел әрекет етуге ықпал етеді», — деді Әлихан Смайылов.
Қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында және кәсіпорындардың заманауи шешімдерін енгізуде ең үздік технологиялық анықтамалықтар бекітілді.
«Мұндай технологияларды қолдану қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайтады», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысының айтуынша, Дегенмен әлі шешілмеген өзекті мәселелер бар. Мысалы, атмосфераның ғана емес, су ресурстарының да ластану фактілері орын алып отыр
«Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгіп жатыр. Компаниялардың осындай заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп. Су ең құнды ресурс, біз оны қорғауға міндеттіміз», — деп атап өтті Әлихан Смайылов.
Ол сондай-ақ Озық халықаралық тәжірибе негізінде ESG стандарттарын енгізу қарқыны төмен екенін атап өтті. Сонымен қатар әлемнің көптеген компаниялары үшін бұл стандарттар жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған.
Жалпы, олар экологиялық көрсеткіштерді ғана емес, әлеуметтік, қаржылық және өндірістік көрсеткіштерді де жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ ESG стандарттарын сақтау халықаралық қаржы институттарымен кредит беру кезінде назарға алатын критерийлердің бірі болып табылады.
«Отандық кәсіпорындардың экологиялық қауіпсіздігін барынша арттыру үшін ресурс үнемдейтін және қалдықсыз технологияларды белсендірек енгізу қажет», — деп атап өтті Үкімет басшысы.
Ол сондай-ақ табиғатты қорғау шараларын жаппай жүргізудің де маңызы зор екенін атап өтті.
«Мысалы, компаниялар ағаш отырғызу, өзен арналарын тазарту, орман алқаптары мен далаларда қоқыс жинау науқандарын жүйелі түрде жүргізіп тұруларына болады. Ол үшін Экология министрлігі мен әкімдіктер табиғат пайдаланушылармен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізулері керек», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен бірге ол экологиялық іс-шараларды іс жүзінде жүзеге асыру уақытты қажет ететінін айтты.
«Әсері бірден болмайды. Бұл ауқымды әрі ұзақ мерзімді процесске, кәсіпорындар, мемлекеттік органдар, экологтар, ғылыми қауымдастық пен жұртшылық жұмыла кірісуге тиіс. Нақ осындай тиімді әрі сындарлы жұмыс қана еліміздегі қазіргі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпалын тигізеді», — деп атап өтті Премьер-Министр.
Үкімет басшысы кәсіпорындардың экологиялық міндеттемелерді сақтауын қамтамасыз етуі, оның ішінде су ресурстарының ластануына жол бермеуі қажет екенін айтты. Ол сондай-ақ бекітілген өңірлік Жол карталары мен табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарларының іске асырылуын жалғастыру, сонымен қатар өнеркәсіп кәсіпорындарында ESG стандарттарын енгізудің нақты шараларын әзірлеу қажеттігін атап өтті.
primeminister.kz