Ауыл шаруашылық қызметкерлерінің күні тойланды

Ескелді ауданы ауыл шаруашылық қызметкерлерінің төл мерекесін атап өтті. Салтанатты шараға еңбек ардагерлері мен ауыл шаруашылық кожалықтары, кәсіпорын басшылары қатысты. Аудан әкімі құттықтау сөзімен салтанатты шараны ашып, өз саласының үздік мамандарын, өз кәсібін алға дөңгелетіп жатқан жеке шаруа қожалықтарын алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Атап айтсақ “Вахитов Р.Х” жеке шаруа қожалығының төрағасы Вахитов Рустам Хайруллаевичке “Мотоцикл” жеңіл көлігін, “Досанов К.С” жеке шаруа қожалығының төрағасы Досанов Қосан Сыдықұлына егістік алқаптарды арам шөптерге қарсы гербицидпен өңдеуге және сүйек минералды тыңайтқыштарды шашуға арналған “Аспалы бүріккіш” техникасын, Дүйсенбинов А.Қ шаруа қожалығында мезанизатор жұмысын атқаратын Меросников Геннадийге телевизор және де жеке шаруа қожалықтарының жұмысшыларына бағалы сыйлықтар берілді. Сонымен қатар Көкжазық, Төлеңгіт, Сырымбет ауылдық округ әкімдеріне ынталандыру мақсатында қаржылай сыйлық берілді.
Ауданның ауыл шаруашылық саласы мемлекеттің қолдауының арқасында жаңа деңгейге көтеріліп, өңір экономикасын дамытуда. Айта кетейік, облыс бойынша жалпы қант қызылшасының өнімін Ескелді ауданы 60% құрады.

ЖШ АҚПАРАТ