Тіл –ұлттың жаны! Сондықтан да тілді мемлекеттік деңгейден бастап, әр азаматқа дейін қорғау керек. Тілге қатысты кез келген проблемаға бей-жай, салғырт қарауға болмайды.Тіл — мемлекеттің тұғырлы тірегі, халықтың рухани байлығы, өткені мен болашағының айқын көрінісі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін – ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай халықтық қасиетті мұрамыз, ана тіліміз – қазақ тілі.
Тіл – тәуелсіздіктің айғағы. Тіл мен егемендік егіз ұғым. Тілсіз- тәуелсіздік, егемендіксіз — тіл болмақ емес. Тіл – тәуелсіздіктің қуатты тірегі, бірлік пен ынтымақтың жығылмас туы. Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Бізге тек осы ұстанымды жүзеге асыруға бар күш-жігерді аямай, еңбек ету ғана қалды.
Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – біз, яғни, қазақ жастары дейтін болсақ, ендігі біздің міндетіміз – қазақ тілінің мәртебесін асыру болмақ. Осы тұста тәуелсіздік алғалы бері елімізде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мен тілге деген құрметті арттыру мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарламалар мен іс – шаралар ұйымдастырылуда. Нәтижелері де аз емес.
Шынтуайтына келгенде ана тілі – ананың ақ сүтімен бойымызға сіңген асыл тіл. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Әр адамның азаматтық қасиеті – өз халқын, өзінің атамекенін сүюімен, өз ана тілін ардақтай білуімен өлшенбек. Әркімнің тілге деген құрметін өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметінен білуге болады. Өз ана тілін ұмытқан адам – өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Қазіргі қоғам басқа тілді үйренуге еш шек қоймайды. Дегенмен, қазақ тілін мемлекеттік тіл дәрежесіне көтеруде әр қазақтың үлесі болса екен деймін.Ең бастысы әрине «қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген қағиданы басшылыққа алу. Тек қазақ емес, өзге қазақстандықтардан да соны талап ету.
Диана Дауренқызы.