Тіл достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы

Ұлттың ұлт болып қалуы,оның болашағы, мемлекеттің әрі қарай өркендеуі бірінші кезекте оның ана тіліне байланысты. Бір ұлттың тілінде сол ұлттың шежіресі, тарихы, мәдениеті, мінезі айнадай көрініп тұрады. Қазақ тілде қазақтың кең байтақ сайын даласын, аспанмен таласқан асқар тауларын, жасыл-желек ормандары мен буырқанып сарқыраған асау өзендері мен көз тартар айдын көлдерін, қайыспас қайсар мінезі мен көшпенділік тұрмыс-салтын айқын аңғаруға болады. Сондықтан білікті де белгілі тіл танушылардың «Қазақтын сары даласы кең, тілі бай. Осы күнгі түрік тілдерінің ішінде қазақ тілінен бай, оралымды, терең тіл жоқ» — деп тұжырымдауы тегін емес.
Конституцияның 7-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл — қазақ тілі болып табылады. Қазақ елінде, қазақ жерінде, қазақ тілі — мемлекеттік өркендеу қажет, оған тек қазақ халқының ұрпақтары ғана емес, бүкіл Қазақстан елінде өмір сүріп жатқан адамдар үлес қосуы керек. Қазақстан мемлекетінің азаматы екенімізді жан-жүрегімізбен түсінсек, болашақ ұрпаққа Отан алдында жауапты екенін ұғындырсақ, тіл мәдениетін көтеріп, оның ішінде өзге тілдерге көлеңке түсірмей, өз тіліміздің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейтуімізге болады. Тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін ана тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз қажет. Демек әрбір азамат мемлекеттік тілді құрмет тұтып, білуі тиіс. Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз баянды болуы үшін ана тіліміздің абыройын асқақтату, білу – әрбір азаматтың парызы.

Ұлан МАМЫТБЕК,
Ескелді аудандық
сотының судьясы