ОҢАЙЛАТЫЛҒАН ТӘРТІППЕН ІС ЖҮРГІЗУ

Қазіргі уақытта азаматтық іс жүргізудің алға қойған мақсаттары мен міндеттерінің бірі сотта істі қараудың тиімділігін арттыру, уақытты үнемдеу болып табылады. Кейінгі қабылданған Азаматтық процестік кодекстегі өзгерістердің бірі – оңайлатылған іс жүргізудің енгізілгені деп айтсақ болады.
Оңайлатылған іс жүргізу – азаматтық процестегі іс жүргізудің жаңа бір түрі, жаңа бір институты. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодекстің 13-тарауында оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібі туралы айқындалған. Оңайлатылған іс жүргізуді енгізудің басты мақсаты — ең алдымен экономикалық жағынан қаражатты және азаматтық соттың, сонымен қатар тараптардың уақытын үнемдеу. Дегенмен, оңайлатылған іс жүргізу кезінде ҚР АПК-нің 2 бөлімі 1-ші бөлімінде көзделген барлық міндеттемелер орындалуы, сонымен қатар азаматтық процестің басты принциптері сақталуы тиіс. Азаматтық процестік кодекстің 267-бабы 1-бабының 2-тармағына сәйкес, судья істерді арыз қабылдаған күннен бастап бір ай мерзіде оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды. Істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды. Қаралған істер бойынша істі қарауға берілген бір ай мерзім сақталған. Әрбір істі мұндай тәртіппен қараудағы негізгі мақсаты – іс бойынша тараптардың сот отырысына шақырмай, сот отырысын өткізбей, олардың алдын ала ұсынға дәлелдемелерін судьяның жеке ішкі пайымын басшылыққа ала отырып, шешім қабылдауға мүмкіндік туғызу. Ең бастысы судья заңға сәйкес, қос тарапқа заңнаманы барынша түсіндіріп, жауапкерің өзі негіздейтін құжаттар мен дәлелдемелерді беру үшін мерзім белгілейді. Пікірді, дәлелдемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну үшін сот белгілеген мерзімдер өткеннен кейін тараптарды шақырмай-ақ істі оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарайды.Сот шешімді қабылдаған кезде тараптардың ұсынған түсініктеме, қарсылық және дәлелдемелерін басшылыққа алады. Бір айта кетерлігі, істі оңайлатылған іс жүргізу тәртібімен қарау барысында хаттама жүргізілмейді және істерді оңайлатылған (жазбаша) іс жүргізу тәртібімен қарау мерзімі ұзартылуға жатпайды.

Ұлан МАМЫТБЕК,
Ескелді аудандық
сотының судьясы