Жетісу облысында 11 мыңға жуық адам қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундалды

Бүгінде қызылша ауруымен сырқаттанушылар саны өсіп келеді. Жетісу облысында жыл басынан, 556 жағдай тіркеліп, оның 381-і расталған. Бұл туралы Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев журналистермен өткен баспасөз мәслихатында баяндап берді.
Айта кетерлігі расталған жағдайлардың 83,2% бұрын қызылшаға қарсы вакцинация алмаған. Өңірде инфекцияның таралуын болдырмау үшін тұрғындардың вакцина алуы үшін қажетті шаралар жүргізіліп жатыр.
«Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға қызылшаға қарсы жоспарлы егу 12-15 айлығында және қайта егу 6 жаста жүргізіледі. Қызылшамен ауырған науқастар санының көбеюіне байланысты қосымша жаппай иммундау 6 айдан бастап 10 ай 29 күнге дейінгі балаларға, 2 жастан бастап 4 жас 11 ай 29 күнге дейінгі балаларға, қызылшаға қарсы профилактикалық екпелері жоқ, алдыңғы қосымша жаппай иммундау барысында қызылшаға қарсы егілмеген медицина қызметкерлері мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері, иммундық статусы белгісіз және бұрын екпе алмаған 18 жасқа дейінгі тұрғындар арасында жүрзіліп жатыр»,- деді Жетісу облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Асхат Чарапиев.
Жетісу облысында 11 мыңға жуық адам қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундаумен қамтылды. Оның ішінде 6-10 айдағы балалар 2118, 2-4 жастағылар 5799, медициналық қызметкері 2577, екпелерді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі тұрғын 205. Облыста екпе алғандар саны күн сайын артып келеді.
Екпе құрамындағы тірі әлсіздендірілген вирустар қоздырғыш ауру тудыра алмайды. Сонымен бірге күшті иммунды жауап шақырады. Сондай-ақ вакцина иммунитетті күшейтіп, оған 95% қорғаныс береді. Дәрігер мамандардың айтуынша, екпеден кейін иммунитет түзілуі үшін кем дегенде 2-3 апта уақыт қажет.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, қызылшаға қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін халықтың 95% вакцинациялануы қажет. Біз осы көрсеткіштерге жеткенде сырқаттанушылық төмендейді. Бұл халыққа байланысты. Сондықтан медициналық шектеулеріңіз болмаса, белсенділік танытып, егілуге шақырамын.»,- деп атап өтті Асхат Сәкенұлы.