Құрметті Ескелді ауданының тұрғындары!Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды Ұлы дала елінің ұлық мерекесі, елдігіміздің тұмары – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіздік — дәуір мен уақыттың бізге берген үлкен сыйы, халқымыздың мәңгілік құндылығы. Жер бетіндегі қай халық үшін де тәуелсіздіктен биік ұлы мұрат жоқ. Еліміздің Тәуелсіздігі – ұлтымыздың ежелден еркіндік аңсаған асқақ рухының және ұлт тарихындағы барлық азаттық үшін болған күрестердің көк байрақты жеңісі.

Бүгінде ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың бағындырған белестері, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ұмтылған мемлекетіміздің толағай табыстары орасан. Тілегі татулыққа негізделген қазақ елін бүгінде әлем бейбітшілік бесігі деп мойындайды. Осы уақыт ішінде мемлекетіміздің экономикасы қарыштап даму үстінде болып, көп ұлтты, бірлігі жарасқан, ынтымағы бекем, келешегі кемел ел болдық.
Тәуелсіздік жылдары өңіріміздің де экономикалық даму көрсеткіштері қарқын алып, Ескелді ауданы зор жетістіктерге қол жеткізді. Уақыт талабына сәйкес, аудан көлемінде жаңартулар мен жаңғыртулар жасалды.
Біз Тәуелсіздігіміздің тағы бір жаңа парақтарын ашар тұста азат ел екенімізді, өткеніміз өнегілі, келешегіміз кемел екендігін зор мақтанышпен айтамыз. Сондықтан да, кешегі өткен бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздікті қанша дәріптесек те артық емес. Ұлы мерекені ұлықтау ел болып еңсе тіктегінімізді көрсетеді. Қазақ үшін қандай да бір мереке болмасын оның бастауында – Тәуелсіздік күні тұрады. Ендеше, қазақтың арманы мен мүддесін, елдігі мен еңбегін бағалау жолында бәріміз жұмыла еңбек етуіміз қажет. Баршаңызды ұлық мерекеміз –Тәуелсіздік күнімен тағы бір мәрте құттықтаймын!
Әр шаңыраққа шаттық пен бақыт, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Қазақ елінің Тәуелсіздігі ғұмырлы, Туымыз тұғырлы болсын! Мереке құтты болсын!

Елдос Ахметов,
Ескелді ауданының әкімі