«Ақберен» өнер байқауы

Талдықорған қаласы N27 ОМГ базасында қазан айында «Жетісу дарыны» оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл оқушылар арасындағы республикалық «Ақберен» өнер байқауының II облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.
«Ақберен» өнер байқауы — жыл сайын еліміздегі өнерлі, дарынды оқушылардың басын қосып, үздіктерді анықтайтын жоба. Байқау мақсаты: оқушылардың гуманитарлық эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілетін, өлең жазу, тапқырлық қырын, дарынын дамытуға жол ашу. Бұл байқаудың оқушылардың дарынын шыңдауда, өнерге, әдебиетке баулуда маңызы зор. Байқауға Жетісу облысының аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары бойынша аудандық кезеңнің жеңімпаз 8-11 сынып оқушылары қатысты.
Байқауда сайыскерлер шешендік өнер, көркемсөз оқу, эссе жазу, ұлттық аспапта ойнау, ақындар мүшәйрасы, ақындар айтысынан додаға түсті.
Жетісу облысының белгілі ақын-жазушылары өнерлі өрендердің шығармашылығын, өнерін, шеберлігін, тапқырлығын бағалап, қазылық етті. Қазылар алқасы байқау соңында сайыскерлерге ризашылықтарын білдіріп, қазақ айтысының, қазақ шешендік өнерінің, ұлттық аспаптағы өнеріміздің жалғасы бар екенін мақтан етті. Жас ұрпақтың бойында еліне, жеріне, тіліне деген сүйіспеншілік жатқанының куәсі болғандарын жүрекжарды айтты. Ал сайыскерлеріміз болса әлі талай асулардан асып, белестерді бағындырамыз деген жалынды оймен қайтты.
Байқаудың қорытындысы бойынша шын жүйріктер мен шығармашыл оқушылар анықталып, 23 оқушы жүлдегер атанды.
Өнер сайысына Ескелді ауданынан аталған номинациялар бойынша 6 оқушы аудан намысын қорғап, 3 оқушымыз жүлдегер атанды. С.Сейфуллин атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Ниязбек Сәния «Ақындар айтысы» номинациясында жүлделі 2-орынды иеленсе, аталмыш мектептің 10-сынып оқушысы Нұрқасен Айбар «Ақындар мүшәйрасы» номинациясында 3-орынды иеленді. Н.Алдабергенов атындағы орта мектебінің 10-сынып оқушысы Ержан Айдана «Шешендік, білгірлік» номинациясында 3-орынды қанжығалады. Жеңімпаздар І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. Осы өнер байқауынан оза шап¬қандар алдағы уақытта байқаудың республиқалық қорытынды кезеңінде Жетісу облысының намысын қорғайтын болады. Оқушыларымызға сәттілік серік болып, жеңіс тұғырынан көрінсін!

Дидар Айтмолдина,
Ескелді ауданы, Бақтыбай ауылы
С.Сейфуллин атындағы
орта мектебі Қазақ тілі мен
әдебиеті пәні мұғалімі