Қазақстан Республикасының «Өсімдіктер карантині туралы» заңына сәйкес карантинге жатқызылған өнімдерді тасымалдағанда карантиндік немесе фитосанитарлық сертификаты болуы талап етіледі. Қазақстан Республикасы аумағында, облысаралық тасымалдауға карантиндік сертификат, республикадан тыс жерлерге шығаруға фитосанитарлық сертификат керек. Аталмыш құжаттарды әр ауданда орналасқан уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы береді.
Ауданымызда бұл мемлекеттік қызмет түрін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Ескелді аудандық аумақтық инспекциясының өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы көрсетеді. Сонымен қатар карантиндік нысандарды анықтау, оларды оқшаулау, жою және ел аумағына карантиндік нысандардың таралуына жол бермеу де негізгі міндеттерінің бірі болып табылады.
Мемлекеттік қызмет көрсету электронды түрде жүзеге асырылады. Көрсетілетін қызметті алушы аумақтық бөлімшенің кеңсесіне не www. egov. kz «электрондық үкімет» веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы өтінім қалдыруға болады. Ол үшін жеке тұлғаның жеке куәлігі, заңды тұлғаны, дара кәсіпкерді тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтерді «электронды үкімет» шлюзі арқылы мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады. Қызметті алушы барлық қажетті құжаттарды портал арқылы тапсырғаннан кейін оның «жеке кабинетінде» өтінімнің қабылданғаны көрсетіледі.
Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге әкетуге фитосанитариялық сертификат алуға арналған өтінішті келіп түскен күні (өтініш сағат 17:30-дан кейін келіп түскен кезде, келесі жұмыс күні тіркеледі) тіркейді. Өсімдіктер карантині жөніндегі жауапты мемлекеттік инспектор өтініш тіркелген күні ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде, өсімдіктер карантині жөніндегі жауапты мемлекеттік инспектор өтініш тіркелген күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде карантинге жатқызылған өнімнің фитосанитариялық жай-күйін анықтау үшін карантинге жатқызылған өнімді жете тексеруге барады. Карантинге жатқызылған өнімдердің карантиндік объектілермен және бөтен текті түрлермен зақымдану белгілері анықталған кезде карантинге жатқызылған өнімнің үлгілерін алуды жүзеге асырады және зиянкестердің түрлік құрамын, өсімдіктер мен арамшөптер ауруларын және олардың карантиндік объектілерге тиесілігін анықтау үшін үлгілерді зертханалық сараптамаға жібереді. Сараптама қорытындысы бойынша және карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі негізінде өсімдіктер карантині жөніндегі жауапты мемлекеттік инспектор 1 (бір) жұмыс күні ішінде фитосанитариялық сертификатты немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден уәжді бас тартуды ресімдейді. Уәжді бас тартуға себеп Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіпке байланысты. Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны қағаз түрінде беріледі.
Қазақстан Республикасының аумағында тасымалдауға карантиндік сертификат алуға арналған өтінішті келіп түскен күні тіркейді (сағат 17:30-дан кейін келіп түскен кезде, өтініш келесі жұмыс күні тіркеледі). Бұл қызмет түрі де электронды түрде жүзеге асырылады.
Көрсетілетін қызметті алушы құжаттар топтамасын толық ұсынған кезде, өсімдіктер карантині жөніндегі жауапты мемлекеттік инспектор өтініш тіркелген сәттен бастап 8 (сегіз) жұмыс сағаты ішінде:
карантинге жатқызылған өнімнің фитосанитариялық жай-күйін анықтау үшін карантинге жатқызылған өнімді жете тексеруге барады және морфологиялық белгілері бойынша карантиндік объектілерге, бөтен текті түрлерге ұқсас организмдер, өсімдіктер ауруларының белгілері, карантинге жатқызылған өнімдердің карантиндік объектілермен және бөтен текті түрлермен зақымдану белгілері анықталған кезде, көрсетілетін қызметті алушының не көрсетілетін қызметті алушының уәкілетті өкілінің қатысуымен карантинге жатқызылған өнімнің үлгілерін алуды жүзеге асырады және зиянкестердің түрлік құрамын, өсімдіктер мен арамшөптер ауруларын және олардың карантиндік объектілерге тиесілілігін анықтау үшін үлгілерді зертханалық сараптамаға жібереді. Сараптама қорытындысы бойынша карантиндік фитосанитариялық бақылау және қадағалау актісі жасалып, карантиндік сертификат беріледі немесе уәжді бас тартылды. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздерге байланысты болады Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны толық автоматтандырылған, яғни, элекронды түрде беріледі.
Жоғарыдағы аталған мемлекеттік қызмет түрлері туралы ақпаратты Ескелді ауданы Қарабұлақ кенті Оразбекова көшесі 52 үй, тел.: 3-01-30 арқылы ала аласыздар.
Мақпал Акмуллаева
Ескелді аудандық аумақтық инспекциясының бас маманы, өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспектор