ХАБИБ НУРМАГОМЕДОВКЕ ЖЕТІСУЛЫҚ ШЕБЕРДІҢ ЕР-ТОҚЫМЫ ТАБЫСТАЛДЫ

Ескелді ауданының Бақтыбай ауылдық округінде Мейірхан Данышпанов атты қолынан өнер тамған 2 топ мүгедегі тұрады. Елуді еңсерген Мейірхан Жұматайұлы үйінде отырып ер-тоқым, белдік, қамшы, қылыш, пышақ секілді бұйымдар жасайды. Бойында өнер тұнып тұрған азамат мұндай іспен айналысуды сонау 1992 жылдан бастағанын айтады.

Мейірхан Жұматайұлының қолынан жасалған кез келген бұйымдар көздің жауын алады. Себебі, ол кісі жасаған бұйымдар әдемі қазақы оюлар мен түрлі-түсті тастармен көмкерілген. Мұндай өнермен кез келген адам айналыса бермейді. Бұл ермек адамның шыдамдылығы мен сабырлығын талап етеді. Қазіргі таңда Мейірхан Данышпанов өзінің екі ұлын қосқанда 7 шәкірт тәрбиелеп отыр. Жігері жасымайтын азамат шәкірттеріне бар білгенін үйретуде. Көненің көзін қазіргі заманға дәріптеп жүрген азамат өзі жасайтын бұйымдардың материалдарын Талдықорғаннан таппайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше ол өзіне керекті материалдарды Алматы қаласынан сабылып жүріп, табатынын көрінеді.

Өнерлі азаматтың жасаған бұйымдары сұранысқа иеі. Оның дәлелі жақында атыраулық азаматтар ұстаға хабарласып, екі ер-тоқым сатып алуға тапсырыс берген. Ол екі ер-тоқым атақты UFC чемпионы Хабиб Нурмагомедов пен әкесі Абдулманапқа арналған тапсырыс екен. Мейірхан Данышпанұлы мұндай тапсырысты алысымен, ер-тоқым жасауға бар күш-жігерімен кірісіп кеткен. Ол ер-тоқымның біріне Хабибтың есімін, ал екіншісіне әкесі Абдулманап Нурмагомедовтың есімін ойып жазған. Ер-тоқым тапсырыс иелерінің қолына жетіп, олардың көңілінен шыққан. Жақында атақты чемпион әкесі екеуі Атырау облысына қонаққа келгенде, оларға ауданымыздың қолөнер шебірі жасаған ер-тоқым сыйға тартылды. Мұндай хабар біз үшін үлкен қуаныш. Сонау Ресей чемпионы өзіміздің қазақ азаматының жасаған ер-тоқымын қолданатын болады. Мейірхан Данышпановтың айтуынша көптеген атақты таудай ірі тұлғалар азамааттың жасаған бұйымдарын көптеп сатып алатын көрінеді. Ол кісі сатып алушылардың бірінің есісін мақтанышпен айтса, бірінің есімі жасырын болса дейді.

«Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демекші Мейірхан Жұматайұлы цех ашуды армандайды. Қазақы бұйымдарды дәріптеп жүрген азаматқа мемлекет тарапынан немесе демеушілер тарапынан қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болмақ.

Алима МҰРАТҚЫЗЫ,

Ескелді ауданы әкімінің баспасөз хатшысы.