Қазақстан мен Өзбекстан сауда көлемін ұлғайту және транзиттік тасымалдарды жеңілдету жөніндегі шараларды талқылады

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің Ташкентке жасаған жұмыс сапары барысында өзбек әріптестерімен Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды. Ол Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаевпен келіссөздер жүргізді, сондай-ақ Өзбекстан Республикасының Инвестициялар, индустрия және сауда министрі Лазиз Кудратовпен кездесті.

Тараптар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы түрлі деңгейдегі өзара іс-қимылдың жоғары қарқындылығын атап өтті.

«Біз екіжақты күн тәртібіндегі барлық мәселелер бойынша тығыз өзара іс-қимыл мен сындарлы диалогқа дайынбыз. Өзбекстан Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып қала береді. Біз мемлекеттер басшыларының сауда айналымын $10 млрд — қа дейін жеткізу жөніндегі міндетін іске асыруда жоспарлы түрде қозғалып жатырмыз, сондықтан өзара сауданы ұлғайту, оның ішінде үшінші елдерден импортты алмастыру жолымен күш-жігерді біріктіру қажет», — деді Арман Шакқалиев.

Өткен жылдың соңында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 28,4 пайызға өсіп, 4,9 миллиард долларға жетті, биылғы жылдың 7 айында тауар айналымы 2,5 миллиард долларды құрады.

Кездесу барысында екі елдің өкілдері өзара сауда көлемін ұлғайту құралдарын, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, инвестициялық ынтымақтастық, көлік саласындағы өзара іс-қимыл және басқа да мәселелерді қарастырды. Атап айтқанда, тараптар Өзбекстан аумағы бойынша қазақстандық тауарлардың транзиті және Ташкент қаласында «QazTrade» АҚ өкілдігін ашу мәселелерін талқылады.

Соңында тараптар Қазақстан мен Өзбекстан президенттерінің 2022 жылғы желтоқсандағы келіссөздерінің қорытындылары бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жөніндегі және Қазақстан Президентінің Өзбекстанға сапары шеңберінде қол қойылған инвестициялық келісімдер мен сауда келісімшарттарын іске асыру жөніндегі екі жол картасы шеңберінде өзара тиімді әріптестікті одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады.

Анықтама:

2022 жылы Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт 30,9% — ға өсіп, $3,6 млрд құрады, Қазақстанға импорттық жеткізілім көлемі 21,7% — ға ұлғайып, $1,3 млрд құрады.

2023 жылдың 7 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 0,4%-ға төмендеп, $2,5 млрд құрады, Өзбекстанға қазақстандық тауарларды жеткізу 2,7%-ға азайып, $1,8 млрд, Өзбекстан Республикасынан Қазақстан Республикасына импорттау 6 ,1%-ға өсіп, $721,6 млн. құрады.