Отырыста атап өтілгендей, Тәуелсіз Елдер Достастығы интеграциялық байланыстарды тереңдету және елдеріміз арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықты қолдау үшін тиімді платформа ретінде әрекет етуді жалғастырып келеді.
Негізгі бағыттардың бірі – елдердің сауда-экономикалық байланыстарын кедергісіз нығайту.
Достастық елдерінің көлемді әрі дамып келе жатқан нарығы, минералды-шикізат ресурстарының үлкен қорлары, қатысушы мемлекеттердің экономикалық өзара толықтырылуы, елеулі ғылыми-техникалық әлеуеті және көлік жолдарының болуы өңірдегі көпжоспарлы интеграция үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етеді.
ТМД шеңберіндегі транзиттік әлеует – елдердің экономикасына оң әсер ететін және оны инвестициялар үшін тартымды ететін негізгі стратегиялық ресурстардың бірі.
Достастық елдерінің аумағындағы өзара тиімді іс-қимылға көбінесе ТМД-ның еркін сауда келісімін және қызметтердің еркін саудасы туралы келісімді іске асыру ықпал етеді.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша ТМД елдерінің тауар айналымы $20,6 млрд-ты құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ($19,8 млрд) 4,4%-ға жоғары. 2023 жылғы қаңтар-шілдеде Қазақстаннан ТМД елдеріне экспорт 19,4%-ға өсіп, $9,2 млрд-қа жетті.
Отырыстың қатысушылары экономикалық өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты, өткен бес жылдағы ТМД-ның салалық ынтымақтастық органдары қызметінің экономика саласындағы нәтижелерін қарады, 2019-2022 жылдардағы ветеринария саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық кеңес қызметінің нәтижелерін және басқа да мәселелерді талқылады.