Сібір жарасының алдын алу

Сібір жарасы – зоонозды, аса қауіпті, қоздырғышы жанасу механизмі арқылы берілетін, көбінесе тері жамылғысында көрініс беретін, тері қабатының карбункул тәрізді зақымдалумен, қызба және интоксикациямен, кейде сепсис дамуымен сипатталатын жұқпалы аурудың түрі. Аурушандықтың қоздырғышы – Bacillus anthracis – жоғары температурада қыздырғанда және қарапайым дезинфекциялау құралдарын пайдаланғанда жылдам жойылатын сібір жарасының бацилласы.
Жұғу жолдары: ауру жануарды бағу кезінде; ауру жануарларды сою, ұшасын бөлшектеу, терісін сыдыру, өлексесін көму кезінде; ауру жануарлардан алынған өнімдерін пайдалану кезінде; ауру жұққан заттарды пайдаланғанда, сирек жағдайда топырақтан жұғады.

Аурудың бірінші белгілерінің бірі – 5 күн аралығында, кейде тіпті бірнеше сағаттың ішінде біліне бастайды. Ол адам денесіне ішек және тері арқылы түседі. Микробтар тері арқылы денеге енген жағдайда алдымен қызыл дақ пайда болады, одан кейін жоғарғы жағы ағарған бөртпеге айналып, ақыры қан аралас сұйық түске енеді. Қасыған кезде оның терісі сыдырылып, жансыз қара қабыршықтар пайда болады, ал төңірегіне жаңадан күлдіреген жел қабық қаптайды, ет жансыздана түседі. Дене қызуы көтеріліп, жалпы жағдайы нашарлайды. Ауру малдың етін пайдаланғанда адам ішек ауруына ұшырайды, қызуы 39-40С-қа дейін көтеріліп, басы ауырады, іші түйнеп ауырып, басы айналады, қан аралас құсады және іші өтеді.
Алдын алу шаралары: Адамдар мен жануарлар арасында сібір жарасының ең тиімді алдын алу шарасы жыл сайын ауруға қарсы егу жүргізу. Дертке қарсы вакцина қолайсыз пунктердегі ет комбинаттарында, мал шаруашылығында тұрақты жұмыс істейтіндерге, тері, жүн өңдеуге, тасымалдауға, сақтауға, сұрыптауға, илеуге қатысатын адамдарға егіледі. Адам ағзасының сібір жарасына төтеп бере алу қасиеті егуден кейін 12 – 14 күнде пайда болады да, 12 айға жуық сақталады. Егілген тұлғалар жұмысқа 2 аптадан соң ғана жіберіледі және жыл сайын екпе алып отырулары қажет.
Екпе жүргізу ең тиімді әдіс болғандықтан, жануарлардың барлығын қамтуға тырысқан жөн. Егілген жануарларды бақылауға алған уақыт ішінде басқа шаруашылықтарға ауыстыруға немесе егілгеннен кейін 14 күн ішінде союға болмайды. Үй жануарларының иелері малдарды екпеге қатыстырмау – дерттің кең етек жаюына себепші болып, мұның салдарынан адамдар сібір жарасына шалдығатынын естерінен шығармаса игі болатын еді.
Сібір жарасына қарсы вакцина егілгеннен кейін 10 күн ішінде жануар өліп қалса, оның терісін сыдыруға болмайды. Ауру қоздырғыштары ағзадан тыс жерде тек ауаның әсерінен пайда болатынын ескере отырып, өлген жануардың терісін кесуге болмайды және өлексені аң-құстардың тасуына жол бермеу керек. Себебі, мұның салдарынан жаңа ошақтар пайда болуы мүмкін. Өлген малды терісімен бірге өртеу немесе қауіпсіздік ережесін сақтай отырып арнайы орындарға – мал көметін жерлерге өртеу үшін апару қажет. Ауру мал жатқан немесе сойылған орынға басқа жануарларды жіберуге және адамдардың сол жерде жұмыс істеуіне тыйым салынады. Қора, жайылымдардағы ауру малдар орналасқан орындар залалсыздандырылады.
Үй жануарларыңыз ауыра қалса өз беттеріңізбен үйде емдемеңіздер, дереу ветеринар мамандарына көрсетіңіздер. Малға қарағанда жеке бас тазалығын сақтаңыздар, қолдарыңызға қолғап киіп, жұмыс кезінде ауыздарыңызды берік ұстап, лас қолмен темекі тартып, ауыз сүртуден аулақ болыңыздар!

Е.Сейсембинов,
Басқарма басшысы
Д.Бектенов,
жетекші маман