Дүниежүзілік тазалық күні аясында Жетісу облысында 32 мыңға жуық адам экологиялық акцияға қатысты. Екі мың тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 883 шақырым автомобиль жолы, 383 шақырым арық желілері тазартылды, — деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, іс-шараға елді мекендердің тұрғындары, экобелсенділер, еріктілер, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, кәсіпорындар ұжымдары қатысты. Сенбілік барысында саябақтар, скверлер, су қоймалары, жеке және көппәтерлі тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтар, көшелер, тротуарлар, арықтар тұрмыстық және шөп қоқыстарынан тазартылды. Облыстық экоакцияға 31 934 адам қатысып, 352 арнайы техника жұмылдырылды. Қатысушылар қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экоакцияның негізгі мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастырудың, қоршаған ортаға ұқыпты қараудың және табиғатты қорғаудың маңыздылығына қоғамның назарын аудару. Сондай-ақ, сенбілік қысқы мерзімге дайындыққа және өңірдің елді мекендерінің аумағында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізуге бағытталды.